«ТӘУЕЛСІЗДІКТІ БАЯНДЫ ЕТЕТІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ОҢАЙҒА СОҚПАДЫ»

Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау кезінде де айтыс-тартыс аз болмады. Заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ» деген сөзді алып тастау керек деген пікірді талқылаудың өзі бір сағатқа созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қалдырылды. Біраз депутаттар мұнан да әріге барып, «Ертең Қазақстандағы 17 млн халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біздің республикамыздың ерекшеліктеріне орай бұл мәселе референдумға шығарылуы керек. Біз кімнен және неден егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды. Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, Заң жобасының редакциясын дайындау туралы 16 адамнан комиссия құрылды. Комиссия төрағасы болып депутат С.С. Сартаев сайланды. 15 желтоқсанда заң жобасын талқылау одан әрі жалғасты. 16
желтоқсандағы кешкі отырыста «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындайтын комиссия төрағасы депутат С.С. Сартаев баяндама жасады. Комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
үш рет сөз сөйледі. Осындай ұзаққа созылған пікір таластан кейін Төраға кешкі сағат 18:00-де «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң жобасын дауысқа қойды. Көпшілік дауыспен Заң қабылданды. Депутаттар, Үкімет мүшелері, шақырылған шетел елшілері, қонақтар, журналистер,
барлық қатысушылар орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапалақтады. Республиканың Әнұраны орындалды. Барлық қатысқандардың көңілі ерекше толқуда болды. Мен өзім жүрегім дүрсілдеп, ерекше толқып, көзім жасқа толып кетті.
Жан-жағыма қарасам, барлық депутаттар да толқып, көздерін сүртіп жатқанын байқадым. Міне, осы тарихи оқиғадан кейін егемендікке қадам басқан республикамыздың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін шаралар қолға алынып, Жоғарғы Кеңесте егемен
еліміздің бұдан былайғы тағдырын белгілейтін заңдар қабылдау кезеңі басталды. Соның бірегейі Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын дайындау және оны Жоғарғы Кеңеске ұсыну үшін ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын
дайындайтын комиссия құрылды. Конституция жобасын талқылау Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 26 мамырда ашылған сегізінші сессиясының күн тәртібіне енгізілді.1992 жылғы 1 маусым күні ҚР Конституциясының жобасы бойынша Республика Президенті, Конституция жөніндегі комиссия төрағасы Н.Ә. Назарбаев баяндама жасады. Конституция жобасы 1-2 маусым күндері қызу талқыланды. Талқылау барысында Президент мінбеге 13 рет көтеріліп, сөз сөйледі. Талқылауға 107 депутат қатысты. Жоба 1-оқылымда қабылданып, бүкілхалықтық талқылауға жіберілді. Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы алты ай халықтық талқылаудан өтіп, жобаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 12 қаңтарда ашылған тоғызыншы сессиясының күн тәртібіне енгізілді.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы қаңтар айының 25-28-і аралығында әр бап бойынша қызу талқыланып, 1993 жылғы 28 қаңтар күні тұтастай және толығымен қабылданды. Жоғарғы Кеңестің қаулысымен 28 қаңтар мереке күні болып белгіленді. Жоғарғы Кеңесте мерекелік банкет берілді.
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Әнұраны, Елтаңбасы, Туы туралы заңдар қабылданды.Осы жылы республиканың Қарулы Күштері, республикалық «Ұлан», ішкі және шекара әскерлері құрылды. 1993 жылы сәуір айында еліміздің Әскери-теңіз күштері жасақталды. Сөйтіп, жас мемлекетіміздің қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі іске кірісті. 1993 жылы қараша айында Қазақстанда ұлттық валюта – теңге енгізілді. Бұлар – мемлекеттігімізді қалыптастырудың ең қажетті алғышарттары еді. Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті,
егемендікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қабылдаса да, алдымен Мәскеуге жалтақтап, солардың ығына жығылып үйренгендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа
тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына
айтарлықтай кедергі келтірді. Міне, осындай қиын жағдайда Н. Ә. Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болмасын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов және басқа да депутаттардың ойларымен астасып, оң шешімін тауып жатты. Соның нәтижесінде республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды.

ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ,

ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ.