«НУМЕРОЛОГИЯ – АДАМ ӨМІРІНЕ МОТИВАЦИЯ БЕРЕТІН ҒЫЛЫМ»

Нумерология – адамның туған күні, айы, жыл сандарына қарап оның табиғатын, қабілетін анықтайтын сала. Соңғы жылдары елімізде түрлі нумерологтар өз қызметтерін әлеуметтік желіде ашық ұсынып жүр. Дегенмен қоғамда бұл салаға деген екіжақты көзқарас қалыптасып үлгерді. Біз бірнеше жылдық тәжірибесі бар нумеролог Гүлбану Айдүйсенмен сұхбаттасып, көпшілікке таңсық мамандықтың қыр-сырын білмек болдық.

— Гүлбану, сізді бірнеше жыл бұрын журналист ретінде таныдық.  Ал қазір нумерология саласына бет бұруыңызға не себеп болды? Жалпы кез келген адам нумеролог бола ала ма?

-Журналистикада еңбек етіп жүріп, баламен уақытша демалысқа шыққанымда бұрын соңды жасап көрмеген іспен айналысқым келді. Әлеуметтік желіден нумерология туралы ақпараттарды көзім шалатын. Бірте-бірте «бұл қандай ғылым екен?» деген қызығушылығым оянып, іздендім. Алғашында өзімнің өмірлік сандарымды, қабілеттерімді анықтадым. Өмірлік бағытымды білгенмен, біраз қасиеттерімді бағаламай жүргенімді түсіндім. Нумерология өзіме деген сенімімді арттырып, бойымдағы қай қасиеттермен жұмыс жасау керек екенімді ұқтырды. Өмірімде өте үлкен даму прогресі басталды, алға қарай жылжыдым. Қандай ашылмаған таланттарымыз, мықты және осал тұстарымыз бар. Соны анықтауға керемет мүмкіндіктер бар екеніне таңқалдым.

Кез келген адам нумерологияны оқып, меңгере алады. Алайда маман ретінде алып кетуі екіталай. Бұл саланың қыр-сырын түбіне дейін зерттеп, оны адамдарға есептеп, көрсете білу үлкен шыдамдылықты талап етеді. Ең бастысы энергияңыз жақсы болса сізден мықты нумеролог шығады.

— Сандар адамның өмірінде қаншалықты маңызды рөл ойнайды? Адамның болмысынан, болашағынан дәл хабар беретін тағы қандай материалдық құбылыстарды айтар едіңіз?

— Cанның адам өміріндегі маңызын ешкімде жоққа шығара алмайды. Күнделікті бізді қоршаған сандардың өмірімізге ықпал ететініне тіршілікте мән бере бермейміз. Әр санның өзіндік қасиеті бар. Бір саны бұл көшбасшылықтың, табанды мінездің,  екі саны энергияның, төрт денсаулықтың саны деп кете береді. Ата-бабаларымыздың өзі әрбір санның қадірі мен қасиетін саралай білді емес пе? Мақал-мәтел, нақыл сөздерімізден, ұлттық сенімдерімізден де сандардың маңыздылығын байқауға болады. Сандар тек математикада емес, басқа ғылымдарда да белгілі күшке ие. Соның бірі нумерология. Астрология ғылымы да адамның тікелей болмысымен, болашағымен байланыстыратын ақпараттарды бере алады. Ғылым мен білім дамымай тұрып, адамдар аспандағы ай, жұлдызға қарап ауа райын, басқа да болжамдар жасап отырған. Бірақ мен адам болашағын болжайтын нумерология түрлерінен мүлде бас тарттым. Тек адамның туылған күні, жылдарына қарап, энергиясының қай деңгейде тұрғандығын, табиғатында бар қабілеттерін танып, қандай істі қолға алу керектігін, ақша, денсаулығына қатысты ғана кеңестерімді айтамын.

— Нумерологияға келгенде қоғам екіге бөлінеді. Оған ғылым деп қарайтындар және дінге қарсы санайтындар. Сіз мұндай сыни көзқарастарға қалай жауап берер едіңіз?

—  Нумерологияның асыл дінімізге қарама-қайшы тұстары барын жасырмаймын. Бірақ менің түсінігімде астрология секілді бұл да үлкен ғылым. Кім қалай қолданады, мәселе осында. Мұны болашақты болжау емес, ғылым ретінде қарастыру керек. Мен өзім сол тұрғыда қолданамын. Ата-бабамыз да сандардың қасиетіне көп көңіл бөлген. Тұрмыс-тіршілігіне еніп кеткені сонша қасиетіне қарай кейбір сандарға ерекше ілтипатпен қараған. Мәселен халқымызды жеті санымен көп нәрсе байланыстырады. Жеті шелпек, жеті қазына, аптаның жеті күні. Күншығыс елінде сегіз саны байлықтың, ақшаның белгісі. Нумерологияның ішінде де түрлері өте көп.  Соның ішінде таро нумерологиясы картамен бал ашу арқылы адам өмірін болжайды. Мен оқыған бірнеше курстарда ол кездескенімен ашып қарап, қызығушылық танытпадым. Тегіміз қазақ, түбіміз мұсылман болған соң мұндай кері әсері бар тұстарынан айналып өтемін. Сандардың сиқырына құлай сеніп, барлығын сеніп тапсыра салуға болмайды. Кез келген нәрсенің жақсы жағын алыңыз. Барлығы өз әрекетіңізге байланысты. Нумерологтар адамның өмірін жақсы жағына өзгертуге қозғалыс, мотивация береді. Мен нумерология арқылы психологияға келдім. Қазір алып жатқан басқа білімдерге жол ашылды. Ойлау жүйемдегі дұрыс емес блоктарды табуға, оны шешуге, өзіммен жұмыс жасауға себепші болды.

Өз өміріңізде, маңызды шешім қабылдарда сандарды сөйлеткен сәттеріңіз көп пе?

—  Сандарды сөйлеткен сәттер болды, бірақ көп емес. Алғаш үйренген кезде болмаса, негізі өзімдікін жиі қараған емеспін. Өйткені немен, қалай жұмыс жасау керек екенімді о баста түсіндім, маған сол жеткілікті. Кейбір күндердің өзіндік маңызы болады. Мысалы әр айдың 11-і ақша энергиясы жаңаратын, көбірек ақша табуға септігі тиетін күн, 17-і діни арна ашылатын күн, 22-і белгілі энергияның қосылатын күні. Бұларды алғаш оқығанда әр айды бақылап жүрдім ғой, сәйкестіктер болды. Әр айдың 13,14,16,19-ы кармалық күндер. Яғни ол күндері дау, жанжалдан алыс жүру керек. Біреуге теріс әрекеттер жасасаңыз еселеп өзіңізге қайтатын күндер. Осыларды ескеріп, сақ жүруге тырысамын.

— Ақылы түрде нумерологиялық қызмет көрсетіп келе жатқаныңызға бірнеше жыл болды. Адамдар бұл қызмет түріне көбінде қандай сауалдармен, жағдайлармен жүгінеді?

— Әркім әртүрлі жағдаймен іздейді. Бұл психологиямен ұштасатын ғылым. Адам туралы көп нәрсе білуге болады. Көбісі өмірлік жар таңдауда қандай мінезді адам керегін білгісі келіп кеңес алады. Кейбіреулер өз жолымды, бағытымды таба алмай жүрмін деп хабарласады. Өз қызметімді «нақты қай сұрақ бойынша келіп тұрсыз?» деген сауалмен бастаймын.

Оқырмандардың қызығушылығы үшін кейбір нумерологиялық есептеу түрлерімен бөлісе аласыз ба?

— Қаржы кодын есептеуді үйретейін.  Ол үшін туған күн сандарын бір-біріне қосасыз (1+1=2). Оған айыңызды қосасыз. Айыңыз бір таңбалы сан болса сол санды, егер екі таңбалы болса, (мәселен 12), 1+2=3 деп аласыз. Содан кейін туған жылдарыңыздың санын қосыңыз (1+9+8+8). Енді нәтижелерін қосып шығыңыз. Шешімінде екі таңбалы сан шықса, бір таңбалы сан шыққанша бір-біріне қосасыз. Нәтижесін көшіріп алып әмиянға құр сап қойғаннан еш пайда жоқ, бұл сандарды белсенді түрде жұмыс істету керек.
Ал сәттілік коды өте қарапайым есептеледі. Кішіден жоғарыға қарай есептеңіз. Мысалы туған күніңіз 11. 04. 1988 жыл дейік.  Алдымен осы сандардан ең кішісі, бірді жазып аласыз, содан кейінгі кіші сан төрт, осылай кезекпен жазып шығасыз. Кішіден жоғары қарай санағандағы цифрлар сіздің сәттілік кодыңыз болып есептеледі.

Әңгімелескен
Аяулым Тастанбек.