«АҒАРТУШЫЛЫҚ БАҒЫТТА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖОБА»

Халыққа кітап оқытып, үздіктерге жүлде тағайындаған  «Тұлға болам» жобасы жайында кеңірек білу мақсатында сұрақтарымызды «Дария дамыту» орталығының директоры Ерболат СОЛТАМҰРАТ мырзаға жолдадық.

Жүз мыңнан аса оқырман қатысқан масштабты бәйгені сәтті аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Бұл үлкен жеңіс, тамаша жетістік. Жалпы «Тұлға болам» сайысын ұйымдастырудағы негізгі мақсаттарыңыз жайлы сөз қозғаудан бастасақ. Әрі әлі де «бұл қандай жоба?» деген оқырмандарға таныстырылым ретінде кеңірек ақпар бере кетсеңіз.

— Сайыстың мақсатына көшетін болсақ, аты айтып тұрғандай Қазақстан халқына құнды кітаптарды ұсына отырып кітап оқу дағдысын қалыптастыру, ортада ұмыт болып бара жатқан әдебиет, салт, тарих сынды әр ұлттың негізі болып табылатын дүниелерді халық санасында жандандыру, нағыз тұлғалардың қалыптасуына өз үлесімізді қосу.  “Тұлға болам” сайысы ұлтқа жанашыр ел ағаларының демеушілігімен ағартушылық бағытта жасалынып жатқан жоба. Яғни сіз ештеңе төлемей, “ешкімге жазылмай”, тек кітап оқып рухани баюмен қатар, қомақты жүлде ұта аласыз. Қысқаша бәйгеміз жайлы осы.

—Омар Жәлел ағамыз бір сұхбатында «Кітап ақылдылар армиясын дайындайды» деген еді. Әйтсе де, «қара қазан, сары баланың қамымен» кітап ұстауға уақыты болмай жүрген жандардың өзін осы жобаға жетелеп әкелген бір күш- жүлде. Басы – Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтер. Осы тұста ұлттың ұпайын түгендеуге ат салысқан демеуші азаматтар жайлы айта кетсеңіз.

—Демеушілеріміз елім, жұртым, “осыншама адамның ішінен біреуінің болса да өмірін дұрыс бағытта өрбуіне атсалыссақ мақсатқа жеттік” дейтін кеңжүректілер. Біздің, “Шұғыла” қоғамдық қорының парақшаларына кіріп көрсеңіз халықтың оларға деген қаншама ізгі тілектерін, өмірлерінің өзгергендігі жайлы ыстық лебіздерін көре аласыз. Бәйге барысында “сіздер бәйгені пияр үшін жасап жатсыздар” деген хаттар да келеді. Еш саспай жүлделердің тізімі мен әрқайсысының дүкендегі бағаларын жіберіп есептеттім. Егер пияр керек болса осынша ақшаны басқаша жұмсар едік дегенде ойланып қалады. Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың кемелдікке жетуіне, рухани толысуына, мәдени деңгейінің өсуіне мысқалдай болса да үлес қосу. Сайыс 3 кезеңге, 3 айға созылды. Зерттеушілер үш ай үздіксіз жалғасқан әрекет адамның тұрақты әдетіне айналатынын дәлелдеген. Яғни, кітап оқуды тастамай, сайыстан кейін де жалғастырушылар көп болса —   мақсатымызға жеткеніміз. «Тұлға болам» сайысы биыл екінші рет ұйымдастырылды. Бірінші сайыста өзіңіз айтпақшы халықтың басым бөлігі жүлде үшін келіп, 1-кезеңде аз ұпай алып, ары қарай бәйгені жалғастырмады. Сондықтан бұл жолы демеушілеріміз: “егер халықтың кітап оқуына жүлде керек  болса, жүлде санын арттырайық”- деп үш кезеңге де қатысқандар (кемінде үш кезеңнен де 30 ұпай жинаған) үшін бөлек жүлделер тікті. Иә, егер демеушілеріміз елім, жұртым демесе осынша қаржыны басқа жолда жұмсар еді.

—Алғашқы кезеңдер онлайн, ақтық мәре офлайн өтті. Шын жүйріктер топ жарғанына сенеміз.  Енді осы жеңімпаздарды өз парақшаларыңызда немесе басқа да дереккөздерде насихаттау жұмыстарына қаншалықты көңіл бөлесіздер? Бұл сұрақты қойған себебім – қазір ғылым-білімге қызыққан, кітап оқыған жандарға қарағанда шоу-думанның насихаты қарқын алып тұрған кезең. Осы тоңды еріткен жылы бұлақтай жобаларыңыздан жеңіп шыққан мықтыларды халыққа жақынырақ таныстыру, насихаттау арқылы ұтпасақ ұтылмайтын сияқтымыз. Бұл жайлы ойыңыз қалай?

—Бәйгеміздің әділ өткеніне келер болсақ: әрине қомақты сыйлықтар болғаннан кейін кей жандардың жүрегінде күмән ұялауы сөзсіз. Дегенмен жаңа айтып кеткеніміздей негізгі мақсат бізде мүлдем бөлек! Бәйге бұндай көлемде (“Тұлға болам 2” 100 мың адам қатысты) алғаш өткізіліп отырғанмен, бұрыннан ұйымдастырылып келді. Яғни, ережелері әбден қалыптасқан. Сайыста қанша мықты болсаңыз да финалға өтуіңізді 1 секунд шешуі мүмкін. Мысалы, осы сайыста 3-кезеңде әр топтан алғашқы 20 адамның барлығы бірден өткен жоқ, мұқият сүзгіледік. Сол себепті сегіз қатысушыны сайыстан шығарып, орнына келесі кезектегі қатысушыларды өткізуге тура келді. Көбі бекітілген уақыттан асып кеткен, өзі тапсырмаған, сұрақтарға видео арқылы жауап бере алмады, т.б себептер болды. Сұраққа келсек. Әрине, жеңімпаздар сонша жол жүріп, енді жеңіске жеткен жерде қалдырып қоймай, ары қарай тұлғалық потенциалын арттыратын жобалар ойластырылып жатыр. Әзірге жүлдегерлерді өзіміздің әлеуметтік желілерімізде, сайттарымызда жариялап, шақырылған телеарналарға  бірге алып барып жүрміз. Алда олармен бірге ютуб жобалар жоспарлануда.

Және «Тұлға болам 3» ті күтіп жүрген оқырмандарға жауап бере кетсек. Келесі кезеңді қай уақытқа жоспарлап отырсыздар?

—Бұйыртса бәйгені жылына 2 рет жасау және дамыту жоспарда бар. Толық шешім шықпайынша ештеңені нақты айта алмаймын. Барлық жаңалықтарды желілерде жариялайтын боламыз.

Осындай бірегей жоба үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Смартфонға үңілген талай жанның қолына кітап ұстатып, жәй оқымай, түсініп оқуға әдеттендірдіңіздер. Ізі суымай жалғаса берсе деп тілейміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Нұрила ШЫНӘДІЛОВА