ҚЫСТЫ ҮЙДЕ ОТЫРЫП ҚЫЗЫҚТЫ ӨТКІЗУГЕ АРНАЛҒАН КЕҢЕСТЕР

Қылышын сүйреткен қыс мезгілі суық болғандықтан көп уақытымыз үйде өтеді. Бірақ бұл қысты қызықсыз деуге себеп емес. Үш ай уақыт өзіңізге жаңа хобби тауып, тіпті бір мамандық игеріп алуыңызға жеткілікті. Ендеше сізге осы маусымды ерекше өткізуге арналған бірнеше идея ұсынамыз.

  1. Қыстың басты символы — Жаңа жыл мерекесі. Ол үшін мерекенің келуін күтудің қажеті жоқ. Осы бастан балаларыңызбен бірге үй ішін безендіріп, шырша сәндесеңіздер отбасылық көңіл-күй тамаша, шығармашылық ізденіс артатыны сөзсіз.
2. Рухани байып, жан азығына бөленуге қыс таптырмайтын мезгіл. Атақты классикалық романдардың бірін қою күрең кофе немесе тәтті қосылған ыстық шайды ұрттап қойып оқысаңыз қалай соңына жеткеніңізді де аңғармай қалар едіңіз.
3. Кітап оқып бітіруге шыдамыңыз жетпесе, кино жеке басыңызды дамытатын өте күшті құрал. Әсіресе даналыққа шақыратын, мотивациялық, айтар ойы бар фильмдерді қарау сіздің деңгейіңізді өсіреді. Сондықтан қыс бойы тамашалайтын кинолардың тізімін ертерек түзіп қоюға кеңес береміз.

4. Бос уақытымызда телефонға үңілмей, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ақыл-ой ойындарына көңіл бөлгеніміз әлдеқайда артық.

5. Қазір үйде отырып-ақ дәріс алуға мүмкіндік көп. Тіл үйреніп, түрлі курстардан өтіп, тіпті мамандық игеріп қаржы табуыңызға болады. Жыл соңына қарай көптеген курстар жеңілдіктермен ұсынылатынын да ескеріңіз.
6. Жаңа тағам әзірлеп үйреніңіз. Қыста асханадан тек тәтті иіс шығып тұруы тиіс деп ойласаңыз түрлі печеньелер, пайдалы салаттар, жаңа мәзірлер қатарын арттыруға уақыт тауып, жақындарыңызды таңқалдырыңыз.

Дайындаған Аяулым ТАСТАНБЕК.