ШЫМКЕНТТЕ «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында үшінші мегаполисте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен форум ұйымдастырылды. Көрме орталығында өткен жиынға басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұратжан Шотанов, Шымкент қаласылық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева, Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Ермұхамбет Қуандықов, тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚУ Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша өңірлік комиссияның жұмысшы тобының жетекшісі Гүлнар Жанысбекова, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Оқушылар сарайының директоры Бақытжан Мұстафаев, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестік Шымкент қалалық филиалының мүшесі, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлмира Оспанова, тарих пәнінің оқытушылары, профессорлар мен белсенді жастар қатысты.

– Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған мұратқа қол жетіп, егемен ел болдық. Еңсеміз көтеріліп, қазақы болмысымыз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғырды. Дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақ баласы атажұртқа қайта оралып, Отанымен қауышты. 30 жыл ішінде жас мемлекетіміз қаншама жетістікке қол жеткізіп, экономикалық тұрғыдан дамыды. Әлем мойындаған мемлекетке айналды. Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын! – деді Мұратжан Шүкірханұлы.

Форум барысында «Тәуелсіздік тарихы» атты деректі фильм көрсетіліп, «Тәуелсіздік – рухани жаңғыру кепілі», «Тәуелсіздік — мұрат» тәуелсіздік жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сөз қозғалып, жастардың ойлары тыңдалды.

Нурлан Бектаев