«ТУРИЗМ МЕЗГІЛ ТАҢДАМАЙДЫ»

Ахат ТАСТАНБЕКОВ,

Сайрам-Өгем Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

 туризм бөлімінің экскурсовады.

Түркістан облысы.

— Ахат Бақытбекұлы, Сайрамсу шатқалына саяхаттауға әрбір жан құмар-ақ. Төле би ауданындағы осы таңғажайып өлке  туралы тарқатып айтып берсеңіз? 
Иә, бұл туристер қызыға келетін, тау ауасынан сая іздейтін бірден-бір өңір. Сайрам-Өгем МҰТП аумағында 11 туристік бағыттар (соқпақтар) ұйымдастырылған. Олар Мақпал көл, Сусіңген көлі, Сарыайғыр өзені, Сусіңген өзені Оңтүстік тур базасы,Бозторғай жылғалары. Владислав шыңы. Сондай-ақ, Қасқасу Сусіңген көлі, Сарыайғыр өзені бойындағы шатқал, Құс базары, Үшбастөбе ескі қонысы болып жалғасады.
Осының ішінде тоқталып өтетін туристік бағыттардың бірі Сайрамсу көлі. Көлге бару үшін арнайы соқпақ жолдар жасалған. Қозғалыс түрі жаяу. Сайрам су шатқалында жануарлар мен өсімдіктердің, құстардың сирек кездесетін түрлері, «Қызыл кітапқа» енгендері де көп кездеседі. Саябақ жануарлар әлеміне бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді. Өте сирек кездесетін жануардың бірі – мензбир суыры. Сондай ақ тау ешкісі, сібір елігі, қабан, Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, тағы басқа жануарлар өлкенің баға жетпес байлығы. Өсімдіктердің бірнеше түрі, соның ішінде «Қызыл кітапқа» енген 62 түрі бар. Атап айтқанда, Грейг қызғалдағы, Кавказ таудағаны, Зеравшан аршасы, итмұрын, шырғанақ, бөрі қарақат, бүлдірген, қожақат, ақ қайың және тағы басқалар. Сонымен қатар көлге барар жолда құстардың да ерекше түрін көптеп кездестіруге болады.
— Қаншама туристке қызмет етіп жүрген тәжірибелі экскурсовод маманы ретінде өлкенің табиғи ерекшеліктерін қалай сипаттар едіңіз?
— Сайрамсу көлі бағытындағы негізгі пункттер «Альтекс» СТВ кемпингі, Сайрамсу өзені, Қырғилы жылғасы, Қалжайлау жылғасы, Сайрамсу көлі, Бағыт ұзақтығы 14 шақырымды құрап, «Альтекс» тур кешенінен басталады және Сайрамсу өзенінің кең әрі көрікті шатқалы арқылы өтеді. Оңтүстік шығыста Сайрам шыңының ұшар басы менмұндалап тұр. Тур кешенінен жоғары соқпақ жол алдымен өзеннің сол жақ, кейін оң жақ жағалауымен жалғасып жатыр. Бір сағаттан кейін Қырғилы жылғасын кесіп өткен жол Сайрамсудың оң жағалауымен оңтүстік батыс бағытына апарады. Шатқалдың солтүстік және шығыс беткейінде әдемі арша ормандары, өзен жағалауында қалың қайың орманы бар. Бір сағат жүрген соң Қапжайлау жылғасын кесіп өтіп, асуға келіп тоқтайды. Бұдан кейін бағыт гүл жайнаған альпі шалғындарынан өтеді. Екі сағаттық қиын емес көтерілу және соқпақ жол көлге әкеледі.

Көл демекші, соңғы жылдары Сайрамсу көліне келушілердің көптігі қуантады. Бұл көлдің басқалардан айырмашылығы қандай?

-Сайрамсу көлі қазаншұңқырда, өзен көздерінде теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Өзен аумағындағы Сайрамсу көлінің әсемдігін алыстан ақ көруге болады. Көлдің түсі ашық көкшіл және ашық жасыл болып келеді. Кез келген ауа райында оның түсі өзгермейді. Су өте салқын және пішіні гитара тәріздес. Оңтүстік бөлігінде көлді толықтырып тұратын су көздерінің ағыны бар. Батыс бөлігі қалың ашық жасыл түсті өсімдікпен жабылған.

Сонымен қатар Сайрамсу көлінен жоғары тағы бір көл бар. Ол «жоғары Сайрамсу» көлі деп аталады. Көлді тамашалауға жан жақтан туристер көптеп келеді. Сайрамсу көліне саяхатшыларды аптасына 3 топтан (әр топта  10-15 адамнан) жіберуге рұқсат етілген. Ал сәуір айында аптасына тек бір туристік топқа ғана рұқсат. Себебі бұл айда құстар мен жануарлар балалайтын уақыт және де саяхатшыларға қауіпсіздік шаралары қатаң ескертіледі. Әсіресе от жағу кезінде аса сақтықпен қарау қажет. Себебі орманның өртену қауіптілігі өте жоғары.

Қала өмірінен шаршаған адамдар таза ауамен демалып, тау қымызын ішіп, Сайрам Өгем тауларына көтеріліп, Сайрам су өзені мен көлін тамашалауға арнайы ат басын бұратыны рас.

— «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» тапсырмасы берілген болатын. Аталған бағыт бойынша іс-шаралар қолға алынды ма?

— Қасқасу, Майбұлақ, Көксәйек ауыл округтеріндегі мектеп оқушыларын туған жер табиғатына қызығушылығын арттыру үшін тиімді жобалар жасалуда. Мектеп оқушылары бұл аймаққа жиі серуендеп келеді. Оларға жергілікті өсімдіктер мен жануарлар, құстар жақынырақ таныстырылып, табиғат аясындағы қауіпсіздік шараларын сақтау сауаты жетілдіріледі. Карантиндік шектеулері аяқталса, бұл жобалар бойынша қарқынды жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде.

Жаздық туристік бағыттарды атап өттіңіз, дәл қазіргі қыс мезгілінде келушілерге қандай демалыс түрлерін ұсынасыздар?

-Сайрамсу шатқалында қай мезгілде болмасын саяхатшыларға арнайы жағдай жасалған. Киіз үй, монша, қонақ үй және тапшандар қызмет етеді. Тау қымызы мен түрлі дәруменге бай өсімдіктен жиналған балдан дәм татуға болады. Ал қыс ауасында ыстық булы моншада ем қабылдап, тау шөптерінен даярланған табиғи шайлармен денсаулығыңыз нығая түседі. Ауа райы жайлы күндері демалушыларды тауға алып шығып, атпен қыдыруына, жиі кездесетін тау аңдарын дүрбімен бақылауына мүмкіндік бар. Қазіргі таңда бізде шаңғы тебетін орын жоқ. Дегенмен іргелес жатқан Қасқасу шатқалында шаңғы тебетін орындар дайындалуда. Әркім өзіне қолайлы, қауіпсіз жерде шана, шаңғымен сырғанауына рұқсат етілген.

Бағалары келушілердің қалтасына қонымды ма? Әдетте көпшілігіміз ішкі туризмнің қымбатшылығына бой үйреткенбіз…

Бағалар салыстырмалы түрде қалтаға қонымды дей аламын.Қонақ үйлер бағасы күніне 15-20 мың тг аралығында болса, монша 5-10 мың тг.  Арнайы  қызметкерлер көмегі қарастырылған. Демалушылар азық-түлікті өздерімен бірге алып келуі шарт.

Жылдың қай  мезгілінде келсе де біз демалушылар мен туристерге шектеу қоя алмаймыз. Туризм мезгіл таңдамайды. Қыста қар көшкінінен басқа жабайы жыртқыш аңдардан сақ болуын ескертеміз. Келушілерге ең алдымен техникалық қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігі ережелерін таныстырамыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Аяулым МӘЛІК.