ШЫМКЕНТТЕ АӘК АЛАТЫН ОТБАСЫЛАР АЗАЙҒАН

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны азайған. Жылдың алғашқы тоқсанында 36 966 отбасы АӘК төлемін алса, төртінші тоқсанда 10 169 отбасына тағайындалған. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында Б.Нарбекова мәлімдеді.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқанның басшылығымен өткен басқосуға құзырлы мемлекеттік орган басшылары және жергілікті ҮЕҰ жетекшілері қатысты. Отырыс барысында «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын» іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.

Жиында Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі М.Алтаев отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2021 жылдың 11 айында Шымкент қаласы бойынша отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты 5701 шақырту түсіп, 4003 жәбірленушіге қорғау нұсқамасы шыққан. Арнайы жұмыс барысында зорлық-зомбылық себептері анықталып, маскүнемдікке салынған 76 азамат арнайы оңалту мекемесіне жолданған.

Сондай-ақ, түзеу мекемелеріндегі бас бостандығынан айырылған әйелдердің жәй-күйі мен проблемалары да назардан тыс қалмады. Шымкент қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ИЧ-167/4 мекемесінің басшысы, әділет подполковнигі А.Әділбекованың айтуынша, түзеу мекемесінде 242 азаматша жазасын өтеуде. Оның 183-і аса ауыр және қайталанған қылмыс бойынша жазасын өтеп жүрсе, 40 адам қылмыстың қайталануы бойынша жазаланғандар. Сонымен қатар, 93 жазасын өтеуші жұмыспен қамтылып, жалақысының 50 пайызы талап-қарызын төлеуге жұмсап отыр. Мекеме басшысы әйелдерге рухани қолдау көрсету үшін колония базасында мәдени шаралар мен театр қойылымдарын көрсетуге, кітапхана қорын толықтыруға қолдау білдіруді сұрады.

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ж.Әлжанованың айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Дегенмен, сыбайлас жемқорлыққа қатысты 107 қылмыстың 26-на әйел затының қатысы анықталған. Әсіресе, денсаулық сақтау мен білім саласындағы жемқорлық мәселелеріне ерекше назар аударды.

— Ұрпақ тәрбиесі мен денсаулығына жауапты ең маңызды екі саланың назарға ілінгені өкінішті. Алайда, автоматтандырылған бағдарламаны іске қосу арқылы білім саласындағы жемқорлықтың біршама азайғаны көңілге демеу, — деді комиссия төрағасы Ш.Мұқан.

Жиын барысында Абай ауданы әкімінің орынбасары, аудандық комиссия төрағасы Ғ.Көшікбаев Тұжырымдаманың аудандағы орындалу барысын баяндады. Ал, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова қаладағы отбасылардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу, аз қамтамасыз етілген отбасылардың тұрмыс жағдайы туралы мәлімдеді. — Жылдың алғашқы тоқсанында 36 966 отбасы АӘК төлемін алса, төртінші тоқсанда 10 169 отбасына тағайындалды. Бұл жұмыс тұрғындарды қайта даярлаудан өткізу, жұмыспен қамту арқылы жүзеге асырылды, — деді Б.Полатқызы.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Шотанов БАҚ пен интернет ресурстар арқылы отбасы мен некенің оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған жұмыс барысын таныстырды.

Отырыс соңында Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА