ШЫМКЕНТТЕ 13 ШАҒЫН БИЗНЕС СУБЪЕКТІСІ МАРОДЕРЛЕР ҚОЛЫНАН ЗАРДАП ШЕКТІ

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлер Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасына шағымдануда. Қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев хабарлағандай, қазірдің өзінде келтірілген шығын саны тіркелуде. Қалада бұл сома ақшалай есептегенде шамамен 100 миллион теңгені құрайды. Ал республика бойынша бизнеске келтірілген залал 93 миллиард теңгеден асады.

Бес күннің қорытындысы бойынша, 5-10 қаңтар аралығында Қазақстан бойынша «Атамекен» ҰКП кал-орталығына 2774 өтініш келіп түсті. Оның 1406-сы тонау бойынша, 39-ы түрлі форс-мажорлық жағдайлар бойынша.

«Интернеттің болмауына байланысты жұмысы қиынға соғатындардан, мысалы, тауар жеткізу бойынша қоңыраулар түсіп жатыр. Өндіріс процесін тоқтата алмайтын үш ауысымда жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Ал ел аумағында – төтенше жағдай, коменданттық сағат. Қазіргі таңда қызметкерлердің өндірісті дұрыс емес уақытта тастап кетпеуі үшін барлығы жоспарлау арқылы шешіледі. Бірақ, жалпы алғанда толқу жоқ, бастысы тұрақтылық», — деді Н.Қабыштаев.