Марат Тәжинның «Ұлттың қас жауы» туралы мақаласы

Аяқталуына екі жарым жылдай уақыт қалған жиырмасыншы ғасырдың бір ерекшелігі, ең қатал да бітімі оғаш саяси-құқықтық құрылым-тоталитарлық мемлекетті дүниеге алып келгені еді. Тарихшылар тоталитарлық мемлекеттің әуелгі нышандары көне Мысырда немесе қайсыбір ежелгі деспот елдерінде болды дегенді айтып жүрсе де, «тоталитаризмнің нағыз қас үлгісі»,-нақ сол ХХ ғасыр тоталитаризмі болатын. Әрі ғұмырының ұзақтығы, әмбебаптығы және нәтижелілігі тұрғысындағы алдыңғы қасіретті орынды дәп осы кеңестік үлгідегі тоталитаризмнен озып ешкімде ала қоймайды. Кәдімгі біздің замандастарымыздың көбінің өмірімен тұспа-тұс келіп сол себепті де біреулер үшін зәрлі, біреулер үшін әрлі болып қырық құбылатынның нақ өзі.

Бұл жерде мәселенің мәнісі, оның еш бұлтартқызбайтын сандық көрсеткіштеріне де қатысты емес. Мәселе тоталитаризмнің саяси-әлеуметтік, психологиялық зардаптарына, оның бүгінге де, болашаққа да ұзақ мерзімдер бойы әсер ете алатын салдарларында болса керек.

Өкінішке қарай, өткен жүйенің сыншылары да, жақтастары да тоталитаризмнің біздің елімізде де соншама ғұмырлы болуының себептері жөнінде көп ойлана бермейді. Оның күллі себептерін жеке адамның мемлекетпен, қарақан басынан, өз қызметінің нәтижесімен аулақтанып кеткеніне қатысты деген әбден қалыптасқан көзқараспен қайыра салуға болар еді. Тоталитаризмнің мұндай философиялық түсініктемесінің жүйеленгеніне де талай уақыт өтті. Әлі дәл сол дәйектемені  сөз реті келгенде айта кету керек, бұрынғы антикоммунист Зиновьевтен небольшевиктік идеяны ашықтан-ашық малданушы бүгінгі Лимоновқа дейінгі коммунистік идеяны жақтаушылар бас пайдаларына жаратудан бір танбай келеді.

 Ғұмырының ұзақтығы, әмбебаптығы және нәтижелілігі тұрғысындағы алдыңғы қасіретті орынды дәп осы кеңестік үлгідегі тоталитаризмнен озып ешкім де ала қоймайды

Тоталитаризмнің әлеуметтік көздері соншама айқын және ол қайсыбір халықтар осыған бейім дейтін тұрлаусыз ұғымға үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Әйтпесе өз уақытымен салыстырғанда білім деңгейі жоғары протестанттық Германия мен христиандық Ресейді және католиктік Италияны бірөңкей топтастыру қажеттігі туған болар еді. Мәселенің мәнісі сонда, бірқатар ұқсас белгілеріне қарамастан тоталитаризмнің түп-төркіні әр елде әр қилы ыңғайда өрістейді.

Тоталитаризмнің кеңестік типінің бойында одан бұрынғы тарихи кезеңдерден мұра болып қалған саяси мәдениеттің, империялық характердің  және бюрократияның шектен тыс өміршеңдігінің нышандары сайрап жатыр. Оның үстіне, тоталитарлық өзгерістер қарсаңындағы бірыңғай шаруалар еліне тән әлеуметтік құрылым да осы бір өзгеше қоғамдық жүйенің қалыптасуына кәдімгідей әсер етті.

Өкінішке қарай, өткен жүйенің сыншылары да, жақтастары да тоталитаризмнің біздің елімізде де соншама ғұмырлы болуының себептері жөнінде көп ойлана бермейді.

Әйтсе де бәрін тек саяси мәдениет пен урбанизациялық дәстүрі әлсіз елдің әлеуметтік құрылымына әкеп тіреп тастау да дәл болмас еді. Кеңестік тоталитаризмнің өзіндік бір ерекшелігі-оның империялық табиғаты. Оның осы өзгешілігі күні бүгінге дейін Ресейдегі кейбір ұлтшыл пиғылдағы антикоммунистердің өзін де жаңылыстырумен жүр. Егер Ресей ғасырдың алғашқы ширегінде дамудың демократиялық жолын таңдаса не болар еді, деген сауалға жауап та соншама қарапайым. Сөз жоқ, Еуразияның бір қатар егемен мемлекеттерінің, еуропалық елдермен салыстыруға келетін жоғары интеграциялық потенциялы бар толыққанды мемлекеттердің негізіңде тиімділігі жоғары экономикалық кеңістіктің құрылуы өтер еді. Режимнің іс жүзіндегі бәтуашылдығы империяның ыдырауына әкеліп соғар еді. Өйткені, дәл кеңестік тоталитаризм  бүкіл еуразиялық кеңістіктегі  империялық ұйымдардың сақталуының басты тетігіне айналды. Осы реттен алғанда да Ресейдегі барып тұрған ұлтшылдық пен солшыл радикалдықтың әмпей-жәмпей  одақтасуы да бір қарағанда оғаш боп та көрінеді. Алайда ұлттық тарихымызға, мәдениетімізге, мемлекетімізге деген сүйіспеншілігін мәлімдейтін кей адамдардың осы ғасырда бір емес, бірнеше рет қазақ жеріне оқпен де, аштықпен де зұлмат әкелгендердің мұрагерлерімен кенеттен ауыз жаласып кеткенін көргенде қараптан-қарап шақшадай басың шарадай болады екен. Ең таңқаларлығы, осы қасаң да, әсерсіз тоталитарлық жүйені басқашалау ыңғайымен қазіргі заманғы жөн жобаға үйлестіру идеясы дәл сол ұлтшыл бағыттағы орыс элитасы арасында пайда болған еді. Ресейлік истеблешментте бұл идея 1970-жылдардан бері көрініс беріп келеді.

Кеңестік тоталитаризмнің өзіндік бір ерекшелігі – оның империялық табиғаты. Оның осы өзгешілігі күні бүгінге дейін Ресейдегі кейбір ұлтшыл пиғылдағы антикоммунистердің өзін де жаңылыстырумен жүр.

Тоталитаризмнің саясат пен идеологиядағы империялық құрылымдармен соншама тығыз байланыста болуы не себеп? Біріншіден, империялық идея пролетарлық интернационализмнің этникалық емес, әлеуметтік концепциясының тасасында бүркемеленеді. Екіншіден, этностардың ірілігіне, тарихи «үлесіне», кім-кімді өркендетті дегенді жүйе-жүйе қылып бөлетін «мәдениеттілігіне», «республикалық ұлт», «автономиялық республика, округтік ұлт» деп дәреже деңгейіне қарай «аяз әліңді біл» талабымен қатаң реттестіретін тәртіп ұлттық қатынастарды қырық құбылтып басқаруға жәрдемдесті. Тарихтағы кез келген империя ұлтаралық қатынастарды реттеп отыру проблемасымен бетпе-бет келер, бірақ олардың ешқайсысы да дәл осындай идеологиялық  көзбояушылықты меңгерген емес. Тіпті бүгінгі күннің өзінде тарих қойнауына мүлдем кеткен осы идеологиялық қалыптар өздерінің жаны сірілігін көрсетіп келеді. Ондаған халықтардың бүгінгі халықаралық құқық терминдері бойынша тәуелсіздік алғаны – заманалық маңызы бар оқиға. Алайда солшылдардың айтуынша, оның ішінде қазақстанда да бұл халықтар тағдырындағы сұмдық бақытсыздық…

***

Қазақстан коммунистері бас теоретиктерінің пікірталас кездеріндегі сөздерінде: социализм ұлттар мен халықтардың дамуына қуатты  серпін берді, нарықтық қатынастар барлық емнің дауасы емес деген сияқты ойлардың айтылғаны еске түседі. Дегенмен олар бұл жерде өздерінің әріптестері неокоммунизнің әккі мәскеулік теоретиктері айтып қалатын бір дәйекті ұмытыңқырап кеткендей. Ол әлбетте, өнеркәсіптік инфрақұрылымның орасан қарқынымен әрі тиімді өркендеуі еді.

Кеңестік тоталитаризм бүкіл еуразиялық кеңістіктегі империялық ұйымдардың сақталуының басты тетігіне айналды.

Алғашқы типтегі дәлелдеді дәлелдемелерді бекерге шығару оңай. Расында да, егер қазақтар ұжымдастырудың және отырықшылдыққа зорлап көшірудің салдарынан туындаған «қызыл қырғынның» аштықтың індеттің, ауа көшудің нәтижесінде мамандардың есептеулері бойынша өзінің қырық пайызынан айырлса ұлттардың қандай гүлденіп  өркендеуі  туралы айтуға болады. Егер мұны таңымыздың атауы дейтін болсақ, батуымыз қайсысы? Бәлкім, халықтың түгел құрып бітуі шығар. Екінші жағынан ұлттың мәдени тілдік ортасына тұрақты түрде қысым жасалып келуі қазақ тілін сәл болмағанда  жойып жібере жаздады. Шамасы, біздің қазақстандық коммунизм теоретиктерінің қиялындағы ұлттардың гүлденуі, Хрущевтің егер біз неғұрлым орысша тезірек сөйлесек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз, дегенімен астасып жатқан болуы керек…

Маңызды мәселенің бірі – тоталитарлық жүйе жүзеге асырған өнеркәсіптік жаңарту (модернизация) болған еді. Әлемнің әр елдерінде ХХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысында табысты жүзеге асырылған жаңартулардың тәжірибесі кеңестік модернизацияның басқа принципті түрде ерекшеленгенін көрсетеді.

Басқа елдерде модернизация, қазір Қазақстанда өткізіліп жатқандай, жеке адамның, индивидтің экономикалық талабындағы жаңа мотивтерге, оның жеке басының ынталануына негізделген. Кеңестік модернизация болса, адамдардың экономикалық ынталануы бойынша емес қатаң күштеуімен жүзеге асты.

Қазақстандық коммунизм теоретиктерің қиялындағы ұлттардың гүлденуі, Хрущевтің егер біз неғұрлым орысша тезірек сөйлесек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз, дегенімен астасып жатқан болуы керек…

Басқа елдерде табысты жүргізілген модернизацияның нәтижесінде өзін-өзі реттестіріп отыратын қуатты тұтқалары бар икемді де, сан-салалы нарықтық инфрақұрылым жасалды. Кеңестік модернизацияның нәтижесінде шектен тыс орталықтандырылған, қайтымы аз, икемсіз экономикалық жүйе құрылды. Түптің түбінде дәл осы жағдай тоталитарлық режимді құлатып тынды. Кеңестік модернизацияның қажеттілігі өз жерлерінде шаруаларды тап ретінде жоюды да жүзеге асырды. Олар ең арзан жұмыс күшін құрады. Бұған қоса жаппай репрессиялар нәтижесінде ашылған сан мың концлагерлер шын мәнінде құлдық еңбекті пайдаланудың нағыз үлгісі болған еді. Саяси репрессиялардың неге керек болғанының бір себебі осында. Ол ашса алақанында, жұмса жұдырықта болатын әрі тегің, әрі қыруар жұмыс күшін жасақтау мақсатын көздеген-ді.

Сөйтсе де тоталитаризмді төңкеріп тастаған басты себептердің бірі – ұлттық мәселе еді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл мәселені «жапқысы» келген қаншама құйтұрқы саясат жүргізілсе де, оның жанартауы ақыры атылмай қоймады. Бұрынғы жүйе құрылымында ұлттық мәселені принципті шешудің мүмкін еместігінің себебі неде еді? Жауап беру оңай шаруа емес. Әйтсе де нақтылы тарихи қоғамның аясынан қарай отырып, бірнеше себептерді бөліп атауға болады.

Кеңестік модернизацияның нәтижесінде шектен тыс орталықтандырылған, қайтымы аз, икемсіз экономикалық жүйе құрылды.

Біріншіден, қазіргі күнге дейін айтылып жүрген КСРО аумағындағы халықтардың мәдени өркениеттілік біртұтастығы деген таптаурын әңгімеде әсірелеушілік басым. Дін, тіл, мәдениеттегі қиылыспайтын тұстар барлық уақытта болып келді және соңғы жылдары ол айқын байқала да бастаған-ды…

Тоталитаризм этникалық территорияны далиып «бос жатқан әлеуметтік  кеңестік» деп ұқты. Оның айқын айғағы – әрбір қазақ үшін қасиетті болып саналатын рухани орта Семей жерінде ядролық сынақ айлағының жасалуы.

Екіншіден, кеңестік тоталитаризмнің  теориялық құрылымдарында принципті кемістік бар. Бұл кемістік  әлеуметтік фактор роліне этникалықпен салыстырғанда қалыптан тыс мән берілетіндігі. Ал, шын мәнінде жеке адам үшін этникалық топтар әлеуметтік топтарға қарағанда едәуір тұрақты да мәнді әсер етеді. Тоталитарлық режимнің ауық-ауық ұлттарды қудалап, жер аударып, кейде тіпті, этникалық геноцид жасауының өзі де ұлттардың өзара топтасу механизмін үздіксіз бұзып тұру мақсатын көздеді.

Үшіншіден, тоталитаризм кезіндегі билік технологиясының өзі ұлттық мүдделерді жүзеге қарама-қайшы келіп жатады. Өйткені, ұлттық дамудың табиғи процесін көпе-көрнеу бұзып генефондты жою, қалыпты әлеуметтік  құрылымды бұрмалау үстінде, тоталитаризм ұлт серкелерінің қарсылықтарына ұшырамай қоймайды…

Кеңестік модернизация болса, адамдардың экономикалық ынталануы бойынша емес  қатаң күштеуімен жүзеге асты.

Сондай-ақ, кеңестік тоталитаризм ерекшеліктерінің бірі, ұлттық тарихқа шектен тыс күдікпен және ұлт мекендеген территорияға  жүрдім-бардым  қарағаны еді. Тоталитаризм  этникалық территорияны далиып «бос жатқан әлеуметтік кеңістік» деп ұқты. Оның айқын айғағы – әрбір қазақ үшін қасиетті болып саналатын рухани орта Семей жерінде ядролық сынақ айлағының жасалуы. Кез келген халық өзінің этногенетикалық территориясында төл мәртебесін, мәдениетін, тілін сақтауға ұмтылады. Ал, Қазақстан тоталитарлық режим тарапынан ұлттық мүдделерге менсінбей қарау пиғылы ерекше жүзеге асқан мекен болды. Қазақ халқының жиырмасыншы ғасыр өтіндегі көпғасырлық тарихында бірінші рет төл ата мекенінде азшылыққа ұшырауының өзі кеңес билігінің әлеуметтік утопиясы қазақтардың ұлттық мүдделерімен үйлесе ме деген сауалға даусыз жауап.

Ұлттық дамудың табиғи процесін көпе-көрнеу бұзып генефондты жою, қалыпты әлеуметтік  құрылымды бұрмалау үстінде, тоталитаризм ұлт серкелерінің қарсылықтарына ұшырамай қоймайды…

Ұлттық жадтың іздерін өшіру, этностың мәдени-тарихи қатпарларын жою мен территориялық тұтастығын бұзудан танбаған тоталитаризм ақыры экономикалық және сыртқы факторлармен қатар өзі тойтарыс беретін күштерге тап келіп күйреп түсті.

Қазақстан тоталитарлық режим тарапынан ұлттық мүдделерге менсінбей қарау пиғылы ерекше жүзеге асқан мекен болды.

Бұл реттегі мәселенің төркіні тоталитарлық режимнің өз қимыл әрекеттері мен ұлттық «мекен мәнісін» өзгертуге ұмтылуына байланысты еді. Халықтарды жер аударудың, күшімен енгізілген отырықшылықтың, әскери өнеркәсіптік комплекстің экологиялық жұтауымен бірге жүретін дамуының бәрі, осынау жаңа отаршылдық дүниенің ұлттық болмыс бітімін бұзады-ау деген қарапайым жағдайды ескермегені болды. Ал ол ұлттық болмыс бітімін белгілі бір мәдени мән-мағынасы айқындалған территорияда ғана ғұмырлы еді. Шынын айтқанда, әлдебір кремльдік бюрократ үшін Жидебай, Бурабай немесе Ұлытау деген сөздер ештеңені алаңдатпайтыны анық. Ол үшін бұл әншейін ғана бос жатқан әлеуметтік кеңістік .Тоталитаризм ешуақытта да мұндай нәзік  қылдарға ой жіберіп көрген емес, ал ол нәзік сәттер қорланған ұлттық зердеде саналы да, санасыз да түрде жинақтала береді.

Әлдебір кремльдік бюрократ үшін Жидебай, Бурабай, немесе Ұлытау деген сөздер ештеңені алаңдатпайтыны анық.

74 жыл ішінде режим басындағылардың бірде-бір өндіргіш күштерді орналастыру кезінде осы ұялы «мекен мәнісін» ескертуді ойлаған да жоқ.

Түйіп айтқанда, тоталитарлық пен ұлттық бір – бірімен еш сыйыспайтын ұғымдар.

Тоталитарлық кешегіміз туралы ой байыптағаным реті келіп тұрған соң айтыла салған сөз емес. Өкінішке қарай кеңестің режимді бірқатар себептерге байланысты дәріптеушілік, өткенді ғана емес, бүгінді де түсінуді шынмен бұрмалап жіберуі әбден мүмкін. Әрине толық күйінде әлеуметтік қарымта қайтаруы іс жүзінде мүмкін емес. Алайда тоталитаризмнің  белгілі бір ушығуға қайталануы да кәдік. Сондай ушығуға қарсы ең жақсы кепілдік – өтіп бара жатқан жүзжылдықта бәріміз бастан кешкен індет нышандарын уақытынан оздырмай анық та қанық ұғына білу болса керек.

Марат Тәжин

«Ана тілі»

12маусым 1997 жыл

«Қамшы» сілтейді