ШЫМКЕНТТЕ КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

Шымкент қаласында кәсіпкерлік нысандары үшін карантиндік шектеулер біршама жеңілдетілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев мәлімдеді.

—Бұған дейін Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандары түнгі сағат 0:00-ге дейін, ал, «көшбасшы» мәртебесі бар нысандар түнгі сағат 2:00-ге дейін жұмыс істейтін еді. Жаңа қаулыға сәйкес, жұмыс уақыты бойынша барлық шектеулер алынып тасталды. Ashyq жобасына қатысатын мейрамхана, дәмхана, қоғамдық тамақтану орындары, бильярд, боулинг, компьютер клубтары, театр, киноиеатр және концерт залдары «жасыл» мен «көк» мәртебесі келушілерді толтырылуын 60 пайыздан асырмай жұмыс істей алады, — дейді Ә.Төлебаев.

Ал, ұжымдық құдайға құлшылық орындары, фитнес, йога, спорт кешендері, көрермендер қатысатын спорт жарыстары, сондай-ақ, салтанатты жиындар, той, ас, конференция, форумдар мен семинарлар және көрмелер өткізілетін орындар жұмыс уақытына шектеусіз жұмыс істей алады. Мұндағы басты талап — қызметкерлер мен келушілердің барлығында «жасыл» мәртебе болуы тиіс.

Айта кетейік, баспасөз мәслихатына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасарлары Алдарқұл Ахметов пен Айгүл Тұрымбетова және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сабира Адамбекова да қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Шымкент келбеті» — Айдар ҚҰЛЖАНОВ,
Фото Серік ҚОСАЕВ.

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.