ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ПУТИН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастардың перспективаларын және аймақтық деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі түрде қонақжайлық көрсеткені үшін Ресей көшбасшысына ризашылығын білдірді.
– Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Шын мәнінде, бұл Жаңа жылдан кейінгі, өкінішке қарай, елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейінгі алғашқы сапарым. Бұл еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен Қазақстанға шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин қаңтардағы қайғылы оқиғаларға қатысты өзінің пікірін білдірді.
– Қазақстанды ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды десек, артық айтқандық емес. Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен, Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда, – деді Ресей Президенті.
Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге екі тараптың да мүдделі екенін айтты.
– Алдағы келіссөз барысында Қазақстанның және екі елдің де стратегиялық мүдделерін қамтитын бірқатар өзекті мәселе бойынша пікір алмасуды жоспарлап отырмыз. Маңызды келісімге қол қойылды. Жалпы, саяси ерік-жігер бар, өзара стратегиялық, одақтастық қарым-қатынастар бойынша нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бұдан бұрын да Қазақстан мен Ресейдің Құдай қосқан көрші екенін айтқанбыз. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара да бізге тиесілі. Елдеріміз арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа қарым-қатынас болуы мүмкін емес, – деді Қазақстан Президенті.
Ресей басшысы екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.
– Ресей Қазақстанның ірі сауда-экономикалық серіктесі екеніне қуаныштымын. Халықаралық алаңдарда да тығыз ынтымақтастық орнатқанбыз, бұрынғы Кеңестік кеңістіктен тыс ірі халықаралық ұйымдарда да ықпалдастығымыз бар. Биыл дипломатиялық қатынастарды орнатқанымызға – 30 жыл. Бірқатар көлемді іс-шара өткізу көзделіп отыр. Олар біздің іскерлік, гуманитарлық байланыстарымызға пайдалы болатынына сенімдімін. Ғарыш, энергетика, машина жасау салаларындағы ірі жобалар бойынша бірлесіп атқаратын жұмыс көп, – деді Владимир Путин.
Қазақстан мен Ресей басшыларының кездесуі барысында білім беру саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Инженерлік-техникалық саладағы жоғары білікті мамандардың тапшылығына байланысты Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде мамандар әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Қол қойылған құжаттар тізімі:
1. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясы Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі арасындағы цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясы арасындағы Жерді қашықтан зондтау ғарыш аппараттарының деректерімен алмасу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Росатом» атом энергиясы мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы) арасындағы Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қадрларды даярлау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
4. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
5. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Трансмашхолдинг» АҚ арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім.
6. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары оқу орны арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
7. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «МИСиС» Ұлттық технологиялық зерттеу университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі (Ресей Федерациясы) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
8. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы мемарандум.
9. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «Мәскеу физико-техникалық иниституты» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
10. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті (Ұлттық зерттеу университеті)» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
11. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен «Нақты механика мен оптика институты» ұлттық зерттеу университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.