ЖАСТАР ЕРКІН ФОРМАТТА ПІКІР АЛМАСТЫ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Шымкент қаласына іссапармен келді. Комитет төрағасы Қаратау аудандық жастар ресурстық орталығында Шымкент қаласының жастарымен кездесті.
Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, жас белсенді, жастар қозғалысының көшбасшылары және студенттер бас қосқан жиын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл жоспары жобасындағы іс-шаралар кешенін талқылауға арналды.
— Бүгінгі кездесудің мақсаты — Жастар ресурстық орталықтарының қызметін жетілдірудің жаңа тәсілдері төңірегінде ой бөлісу және жас көшбасшылар пулын анықтау. Сонымен бірге бүгінгі жас толқынды мазалаған проблемалық мәселелер аясында да жастармен бірге пікір алмасамыз, — деді Шахмардан Асқарұлы.
Кездесуге сондай-ақ, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Мағжан Исахов, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар комитеті төрағалары да қатысты.
Мұнан бөлек жиында жастар ресурстық орталығының жұмыс барысы және алдағы жылғы жоспарлар таныстырылып, қатысушылар өзара еркін форматта сұрақ-жауаптар алмасты. Бұдан өзге Шахмардан Байманов қаланың басқа аумақтарында да кездесулер өткізіп, жастармен бірге оларға көрсетіліп жатқан түрлі мемлекеттік қолдаулар төңірегінде ой бөлісті.
«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
Фото: Серік ҚОСАЕВ

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.