ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА 100-ДЕН АСҚАН ӘЖЕЛЕР МЕН ЕЛ АНАЛАРЫ ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шаралардың басы ғасыр жасаған әжелерімізді құттықтаумен басталды. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев 106 жасқа келген тыл еңбеккері Шамбек Рахманованы, 100 жастан асқан тыл ардагерлері Хлауда Кенелдіқызы, Кенже Өткелбаеваны, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың қызы Нағима Жүндібаеваны атаулы мерекемен құттықтады. Иықтарына орамал жауып, мерекелік гүл шоқтарын сыйлады. «Бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қаншама оқиғаларға куә болған әжелеріміздің өнегелі өмірі – баршамызға үлгі. Алдағы уақытта біз жүз жасаған қарттарымыздың өмір жолы, жеткен жетістіктері туралы деректер жинап, аудан архивін жасайтын боламыз. Сол арқылы өскелең ұрпақты өткен тарихымызбен жан-жақты таныстырмақпыз», деді аудан әкімі өз сөзінде. 1916 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген Шамбек әже бүгінде Темірлан ауылындағы кенже қызы Алтынның қолында тұрады. 15 шақты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана немере, шөбере, шөпшек, неменесін қосқанда 150 ден астам ұрпақтың қазыналы ақылшысы. Ал Ұялжар ауылында тұратын Хлауда әжеміз нағыз еңбектің адамы болған. Ел басына күн туған қиын кезеңде ер азаматтармен қатар кетпен шауып, шиеттей бала-шағасын асыраған қамқор ананың ғасыр жасауының сыры туралы ауылдастары жақсы бір естелік айтып берді. «Хлауда анамыз жас кезінде өте еңбекқор болып, айналасына, әсіресе үлкендерге көмектесуді әдетке айналдырыпты. Міне сол ауылдың аузы дуалы қарттарының «Жүз жаса, бақытты бол!» деген ақ батасының арқасында бүгінде жүзден асып, өсіп-өнген әулетке айналды», дейді Хлауда әженің ұлы, Бөржар ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Данай Ережеп. Бадамдағы Кенже Өткелбаева әжемізге мерекелік сәлемін ала барған аудан басшысы көру, есту қуаты әлсіреген ғасыр құрдасына медициналық және әлеуметтік көмек көрсетілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар аудан басшысы даңқты батыр Қарсыбай Сыпатаевтың Бадам ауылында тұратын қызы Нағима Жүндібаеваны келе жатқан мерейлі мейраммен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.Аудан әкімі аудандық Орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиевке ауылдық округтердегі жүзден асқан қарттарға үнемі медициналық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын тапсырды. Ауылдық округ әкімдеріне қарттардың отбасылық жағдайын жиі қадағалап, оларға үнемі қолдау көрсетуді жүктеді. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі