ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ОҚУ ОРДАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Түркістандағы Халықаралық меймандостық және туризм университетіне арнайы келген министр оқу ордасының ұжымымен кездесіп, жұмыстарын саралады.
Таяуда Мәжілістегі Үкімет сағатында 2025 жылға қарай туризм саласында 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатыны айтылған болатын. Ал осы салаға кадрларды дайындауда Халықаралық туризм және меймандостық университеті негізі база болмақ. Министрге Халықаралық туризм және меймандостық университетінің негізгі мүмкіндіктері таныстырылды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өңірде түрлі салаларда білікті мамандар даярлау бағытында жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Университет ректоры Майнюра Мурзамадиева кезек күттірмейтін мәселелерді баяндады. Дәурен Әскербекұлы университет басшылығана бірқатар тапсырмалар берді.
– Түркістан облысының туризм саласында болашағы зор деп есептеймін. Халықаралық туризм және меймандостық университетінің әрі қарай дамуына қандай мүмкіндіктер жасалуы қажет екенін біліп қайту басты мақсаттардың бірі болды. Жалпы оқу орны жақында ашылғандықтан 1-ші және 2-ші курс студенттерін ғана оқытып жатыр. Бірер жылда студенттер саны артатындықтан жаңа корпус және жатақхана салу керек. Оқу ордасынан түлеп ұшқан мамандар еліміз үшін қызмет етеді деп ойлаймын, – деді министр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі