Әккі «мұғалімдер» әкім болғысы келеді
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!». Орындалмайтын осы талап құрғақ ақыл күйінде қала беретін сияқты. Қу құлқынның қамы үшін жүргендер «ішіп-жем қоймасының» ісінуінен басқаға бас қатырмайды. Тек бүгінімен ғана өмір сүруге әуес.
Бірде Ақмола облысының Қаражар ауылдық округіне әкім болғысы келген сондай біреу ұсталып еді. Аты-жөні – Валентина Маркер. Ол жалған дипломмен 15 жыл бойы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен «сабақ беріп» келген. Небәрі 55-ақ мың теңгеге сатып алған қолдағы құжаты бойынша, «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін тәмамдаған». Ал жоғары оқу орнында мүлдем оқымағаны енді мемлекеттік қызметті біраз шайқағысы келгенде бір-ақ әшкереленді. Оған дейін ауыл мұғалімінің бір рет те сессияға сұранып, Алматыға бармағанын біле тұра, ешкім тексермепті. Әкімдікке ұмтылмағанда, «ұстаздығын» зейнетке шыққанша жалғастыра беретіндей екен. Оған Қаражар ауылдық округінің әкімі міндетін 5 ай атқарып тастағанын қосып қойыңыз… Сонда, ол сотталған болса да бәрібір сияқты ма, қалай?..
Осыған ұқсас екінші дерек 2013 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында тіркелді. Ондағы Тасарық ауылы әкімінің міндетін атқарған шенеуніктің де оқуға уақыты болмаса керек. Жұмсақ орынтағынан жалған дипломы жарға жыққанша түспей келген.
Кезекті «сатып алушы» Қостанай облысының Аманкелді ауданында ұсталды. Ол да жергілікті мектепте жұмыс істеген. Жоғары жалақы алу мақсатында 2005 жылдың 5 маусымында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын «тәмамдапты». Онысы аудандағы бір ауылға әкім ретінде сайлауға түспекші болғанда анықталды.
Әйтеуір, жемқорларды маужыратып қоятұғын жылы орында жылтырап отыруды мақсат еткендер көп-ақ. Жылы-жұмсақпен мелдек атқысы келеді. Қалай да олай соған жетуі керек. Арам жолмен. Арланбастан. Әкімдік әкесінен қалғандай. Ен байлықтан еншісін алғандай.