«КИМЕШЕКТЕ ҚАЗАҚ АНАЛАРЫНЫҢ МЫҢЖЫЛДЫҚ РУХЫ БАР»

Рухани жаңғыру бағдарламасының басты мақсаты ретінде – «бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екені айтылған. Бүгінде жаһанды билеген алпауыт мемлекеттердің өзі ұлттық сипаттан бастау алып отыр. Тарих белестерінен бізге жеткен, озық дәстүрлеріміз бен мұраларымызды жаңғырту жолында аянбай тер төгіп жүргендердің бірі – Ләззат Мырзаш.

Ол қазақ аналарының символына айналған қасиетті кимешекті жаңғыртып, заманға сай қайта қолданысқа алғаш енгізгендердің бірі. Ұлттық киімнің қадірі мен қасиетін түсіндіру жолында бүгінге дейін еліміздің бірнеше қаласында, тіпті Стамбулда да арнайы кеш ұйымдастырыпты. Кезекті «Кимешек кешінің» бірі Шымкент қаласында  жалғасын тапты. Тағылымды жиын барысында кимешектің «Томирис», «Гүлшуақ», «Айша», «Нұрила», «Ділдә» сынды тарихта ізі қалған аналардың есімімен аталған жиырмаға жуық түрі таныстырылып, сатылымға қойылды. Ал біз өз кезегімізде көне мұраны жарқырату жолында жүрген жанмен аз-кем тілдесуге тырысып бақтық…

  • Ләззат ханым, кимешекті қайта жаңғыртудағы мақсатыңыз не? Бәрін қашан бастап едіңіз?

2017 жылы Тараздан шығатын «Арай» жастар газеті дәл өзіңіз секілді сұхбат алды. Мен ол кезде орамал тағатынмын. Бірақ газеттің тілшісі бірден «сізді орамалмен шығара алмаймыз» деп ескертті. Алайда, әуретімді жауып, бес парызды орындау жолында жүргендіктен орамалымды шешіп суретке түсе алмасым анық еді. Содан соң ойлана келе кимешек киіп түстім. Осы суретім көпшілікке лезде таралып, елдің ықыласына бөленді, көптеген сайттар тақырыпқа сай мақалаларына  пайдаланғанын да байқадым. Кейіннен дәл сол кимешекпен Меккеге табаным тиді. «Отыз бірінші» арна мұны да қалт жібермей, «қазақтың келіншегі Меккеде кимешекпен жүр» деп арнайы көрсетті, Қазақстан ұлттық арнасы қарай «Мәселе» бағдарламасының наурыз мерекесіне арналған көрсетіліміне шығарды.  Міне, сол кездерден бастап кимешекті өзім тігіп сатсам деген арман пайда болды. Зерттей келе осы күнге дейін кимешекті қайта қолданысқа енгізген адамның жоқ екенін білдім. Содан мұрағаттарды, кітапханаларды зерттеп кимешек туралы бірақ ақпаратқа қанықтым. Бірақ дәл сол сәтте менің бұл істі бастап кетуге материалдық мүмкіндігім жеткізіліксіз болды да, биыл ғана, арада бес жыл өткенде 2022 жылы сәті түсті. Жылдың басында Дубайға барып өте сапалы маталарды таңдап әкеліп, жүз кимешек тіктірдім. Тұтынушыларымыз «қанша жусақ та өңін бермеді, маталарыңыздың сапасы мықты» деп мақтайды. Қазір сол кимешектің сексені Қазақстанның түкпір-түкпіріне кетті. Бұл істі бастаудағы бір ғана мақсат – кешегі дүниеден өткен аналарымыздың экзистенциясын жаңғырту. Өзімнің докторантурада қорғаған диссертациялық жұмысымның тақырыбы әйелдің болмысына,тіршілігіне киген киімінің, сән-салтанатының әсері туралы болатын. Осының бәрінің бастауы өмірдегі мәнсіздіктен, әйелге тән нәзіктік сақталмағандықтан, қарабайыр өмір сүру стиліне көшкендіктен деп айтуға толық негіз бар.  Этнограф Жамбыл Артықбаевтан арнайы сұхбат алғанымда  былай деп еді: Кенесарыға дейінгі рыцарлық дәуірде біз сән-салтанатпен өмір сүрдік. Қазақ бар жақсыны үстіне жапыстырып киді. Қазір «плэй бэйлік», яғни өте қарабайыр киім кию стиліне көшіп кеттік. Қазақ ешқашан қарапайым киім кимеген. Қазақ ең жақсыны киген. Тәуелсіздіктен кейін күнкөрістің қамымен жүріп әйелдеріміз шалбарға көшіп кетті. Содан бастап әйелдердің рухани күйзелісі, тоқырауы мүлде өршіді. Кимешек проектісі өте биік мәнге ұғым. Қазақ әйелдері рухынан ажырап, жасып қалғандығы байқалады. Мен кимешекті қайта түлету арқылы олардың жан дертін де қоса емдегім келеді. Аналарымыз кезінде аталарымызға қалқан болды ғой. Сөйтіп жерімізді сақтап, әлемдегі тоғызыншы орынға тұрақтады. Сондай аналарымыздың тектілігінен мықты ұрпақтар дүниеге келді.  Әйелдердің іскерлігін оятсақ, әйелдердің рухын оятсақ, әйелдердің архитиптерін оятсақ деген ең басты ұстанымым бар.

 

  • Шымкенттік қыз-келіншектер кимешекке қаншалықты қызығушылық танытуда? Жалпы ұлттық дүниеге қолдау білдіруде еліміздің қай өңірі белсенді?
  • Шымкент кимешек кешін өткізіп жатқан бесінші қаламыз. Жергілікті қыз-келіншектер өте белсенді, үлкен қызығушылықпен атсалысуда. Барша мені, кимешекті қолдап келген шымкенттік аруларға алғысымды айтамын. Барлық қалада, қай өңір болмасын қолдаушылар жоқ емес. Өйткені кимешекте қазақ аналарының мыңжылдық рухы сайрап жатыр. Сол рухты сезінетін, қасиеті бар, қадірі бар, қазақ руханиятымен байланысы бекем аналардың барлығы бұл кештен табылуда. Сондықтан мен ешқандай өңірді бөліп жара алмаймын. Шымкент, Тараз, Алматы, Астана бәрі бірауыздан қолдап жатыр. Әлі де кең көлемде насихаттай түсуіміз керек. Кез келген істі бастарда ауырлық болады. Бұл алғашқы жұмыс болған соң оңайға түспеді. Әсіресе қанша жыл бодандықтың қамытын киіп, дәстүрінен, діңгегінен, рухынан ажырап қалған ұлтты ояту, түсіндіру өте қиын. Алайда тектік тұрғыда бәріміздің бойымызда қазақтың қаны, ұлттық дүниеге деген мақтаныш тулап жатқаны аян, тек соны оятуға асықсақ болғаны.

 

  • Әңгімеміздің басында істі кимешекті зерттеуден бастадым дедіңіз. Кимешек туралы көпшілік білмейтін қандай мәліметтер бар?

 

  • 2017-2018 жылдары осы істі бастауға қызығушылығым оянды дедім ғой. Сол кезде этнограф Зейнеп Ахметова апамызды арнайы іздеп, батасын алуға бардым. Апамыздың «Күретамыр» деген кітабының әлі сиясы кеппеген екен, оқып,қарап отырсам кимешек туралы да тың мәліметтер беріліпті. Одан кейін ұлттық кітапханадан кимешек туралы патенттеп жазған бір автордың зерттеу еңбектерін оқыдым. Бірақ оған көңілім онша толмады. Өйткені ол таза архивтегі үлгісін емес, өзгеріске ұшыраған түрлерін ұсыныпты. Кимешектің түсі тек ақ матадан болуында үлкен мән бар. Бұл тек сән-салтанат емес, ислам дінімен астасып жатқан ұғым.  Біз түпнұсқадан ауытқымауымыз керек. Қазақ үшін ақ түс үлкен мәнге ие. Ақ жаулықты ана деп жатамыз. Адам қайтыс болғанда да ақ кебінге орайды. Әйелдердің кимешегінің ұзын әрі биік, ақ матамен оралған себебі жаугершілік заманда әйел жазатайым жолай қайтыс болса, балалар шетінеп кетсе сол кимешектің шылауышын шешіп, орап жерлейтін болған. Яғни аналарымыз сол заманнан бастап бұл дүниенің ғана емес, ақыреттің де жауапкершілігін көтеріп жүрген деген сөз.

 

  • Алайда кимешек тігу үлгісінде еліміздің әр өңірі өзіндік ерекшеліктерге мән берген секілді, осыған тоқталып өтсеңіз?

 

  • Дұрыс айтасыз, әр өңір, ру мен ауылдың өзіне тән үлгілері болған. Тіпті кимешектегі әр ою-өрнектің, кестенің мағынасы үлкен. Мәселен сары кестелі кимешекті көбінде орта жастағы әйелдер таққан. Бұл оның кемелденіп, толысып, бақуатты, күйлі бәйбішеге айналғанын білдірген. Ал қызыл-жасылды кестемен безендірілген, түсі көзге бірден түсетін кимешекті жас келіндер таққан. Бұл оның әлі базары тарқамаған жас ғұмырының сипатындай әрі көптің көзі жас келіннің келбетіне емес, оның әшекей, жалт-жұлт еткен киіміне түссін деген ұғым. Ал үлкен жастағы, ақ самайлы аналарымыз өрнегі мен тасы аздау, тек ақ түстісінен таққан. Жесір келіншектер де өрнексіз кимешек киген деген деректер бар. Ал енді көлеміне келсек, көбінде Алтай, Шығыс,Арқа жақта қоныстанған керей, найман руларынының кимешектерінің артқы жағы ұзын болып келеді. Жамбыл, Маңғыстау сынды өңірлердің керсінше күндігі, төбе жағы биік екенін байқаймыз. Оңтүстік аймақтардың кимешегі қысқалығымен ерекшеленген. Жалпы, қазақ бәрін адамның статусына, жасына қарай түрлендіріп отырған ғой. Ол заманда бір-бірімен тілдеспей-ақ, киімі мен әшекейіне қарап кім екенін тани алған.

 

  • Кимешектің қасиеті туралы көп айтып жүрсіз. Сіз өз өміріңізді кимешекке дейін, кимешектен кейін деп бөлер ме едіңіз?

 

  • Иә, солай бөлуге толық негіз бар. Мен әрдайым кимешектің қасиетін, көзге көрінбейтін киесін айналамнан байқап жүремін. Мәселен кимешекті тігіп беретін қызым осы іске қалай кірісті, дереу тұрмысқа шығып кетті. Жай модель ретінле киген қыздардың өзі тез теңін тауып кетіп жатыр. Бала сүйе алмай жүрген келіншектер де кимешек киген соң жақсы жаңалығымен қуантады. Әрине, әуелі бәрі Алланың қалауымен.  Мен өзім он екі жыл бойы бала аңсаған адаммын. Кимешекті киген соң ұлым мен қызым өмірге келді. Сондықтан кимешектің қасиеті өте терең.

Алматыда өткен кешімізге Марфуға Шапиян есімді белгілі журналист келіншек келді. Ол өзінің енесінің үлкен енесі киген, атадан балаға мұра боп жеткен жетпіс жылдық тарихы бар кимешекті киіп келіп бәрімізді таңғалдырды. Марфуға шөбере келін ретінде қазір сол кимешекті тағып жүр. Ол маржан тас, жібек матадан тігілген, өте сәнді, кезінде жасауға қосқан кимешек екен. Жалпы қазірде қыздың жасауына кимешек қосылуы тиіс деп ойлаймын. Ол балалы болсын, ақ жаулықты болсын деген қазақтың жақсы ниетінен туындаған ырым. Тіпті дәстүрімізде байырғы енелер келіні ана атанған соң, кимешек сыйлап, арнайы рәсім жасап, өзінің абысын-ажындарының басын қосып «кимешек кигізу» рәсімін жасаған. Бұл енді «ана келін» атандың, ақ жаулығына адал бол дегенді білдіреді. Қазір дәл осылай жасамасақ та жылдан жылға орамалдың, кимешектің қадірі артып жатқаны қуантады. Қай өңірге барсам да орамал мен  кимешек туралы өлеңімен қарсы алатын оқырмандарым бар. Мәселен кеше түнде осы Шымкентте Клара Лаханқызы деген апамыз өлең шығарса, қызылордалық белгілі ақын Асылзат Арыстанбек те жыр шумақтарын арнады. Мұнан өзге қанша әндер бар.  Қазақ келіншектері орамалдың қасиетіне қайта оралып жатса рухымыздың да тірілгені, жанданғаны деп ойлаймын.

 

  • Ләззат ханым, уақыт бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Кимешек кеші жалғасын таба беруіне тілектеспін!

 

Сұхбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.

 

 

 

 

 

 

 

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.