Қазақ елінің Қарулы Күштеріне — 26 жыл!
Бүгін Қазақ елінің Қарулы Күштері құрылғанына 26 жыл толды. Қарулы Күштердің құрылуының 20 жылдығында, яғни 2012 жылы ҚР Үкіметі 7 мамырды мемлекеттік мереке — Отан қорғаушы күні ретінде белгіледі. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығып, оған сай Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Қазақстанның дербес Қарулы Күштері құрылды. Сол күннен бері Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов(1992-1995) тағайындалды. Қорғаныс министрлігінің басшылығында Әлібек Қасымов (1995-1996), Мұхтар Алтынбаев (1996-1999 және 2001-2007), Сәт Тоқпақбаев (1999-2001), Даниал Ахметов (2007-2009), Әділбек Жақсыбеков (2009-2014), Серік Ахметов (2014), Иманғали Тасмағамбетов (2014-2016) жетекшілік етті. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап бұл жауапты міндетті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов атқарып келеді.
Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Оған Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттарын нақтылады. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамтамасыз ету жайы айқындалды. 2011 жылғы 11 қазанда Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілді. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бергі қабылданып отырған төртінші доктрина. Жаңа редакцияға «Әскери қауіпсіздік саласындағы ағымдағы жағдайды талдау» тарауы қосылған. Қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша қазіргі таңда жыл сайын 30 мыңға жауық азамат мерзімді әскери міндет өтеуге шақырылады. Қазақстан Қарулы Күштерінің 12 пайызы әйелдер. ҚР Қарулы Күштері БҰҰ аясында бітімгерлік әрекеттерге, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы халықаралық әскери оқу-жаттығуларына белсенді қатысып, жыл сайын тұрақты түрде көрші елдермен біріккен әскери оқу-жаттығу өткізіп келеді. Әскери бюджетіміздің көлемі 2 млрд 435 млн АҚШ доллары көлемінде екені айтылады. Биылғы Қаңтар-ақпанда мемлекеттік бюджеттен қорғанысқа 78,9 миллиард теңге бөлінді. Ол бір жыл бұрынғыдан 20 пайызға артқан.
Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті (Жоғарғы Бас қолбасшы) Н.Ә.Назарбаев кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды. Әрі Астана қаласы мен елдегі ірі Әскери полигондарда жауынгерлік парадтар өтеді. Биыл 3 мамырда Елбасы Назарбаев Ақордада бірқатар тұлғаларға жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын берді. Қазақстан Қарулы күштері мен құқық қорғау саласына жаңадан 4 генерал-лейтенант пен 14 генерал-майор қосылды.
2012 жылғы 3 мамырда Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 20 жылдығы туралы» Бұйрығы негізінде «Отан қорғаушы күні» бекітіліп, оның құрметіне 2013 жылы Астанада тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Оған 7 мыңнан астам әскери қызметші, 400 бірліктен аса әскери техника, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылған еді.
Отан қорғаушы күні биыл да жоғары деңгейде аталып өтпек. Нақтырақ айтқанда, 7 мамырда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» әскери базасының аумағында жауынгерлік парад өтеді. Атаулы шараға үш мыңнан астам сарбаз, 300-ден астам қарулану әрі әскери техникасы, 30-ға жуық авиация техникасы қатысады. Яғни, парадта әскерилер қазақ әскерінің қауқары мен әлеуетін кезекті мәрте паш етпек. Парадты Ұлттық арна тікелей эфирден көрсетеді.