ӘЛЕМ КУБОГІНЕН ЕКІ АЛТЫН ЕНШІЛЕДІ

2022 жылдың 16-19 қыркүйек күндері Румынияның Констанца қаласында тоғызқұмалақтан жастар арасында Әлем кубогы өтті. Оған елімізден Қазақстан құрама командасы да аттанған болатын. Ел намысын қорғаған Шымкент қаласының спортшысы Қалыбек Дастан ойынның блиц және рапид түрінен чемпион атанып, екі бірдей алтын медальға қол жеткізді. 9 мемлекеттің 50-ге жуық спортшысы қатысқан тартысты сайыста топ жарған ол ел туын көкке көтерді.  Жеңімпазды 21 қыркүйек күні жерлестері Шымкент темір жол вокзалынан қошеметпен күтіп алды.

— Бұрындары шет мемлекеттер тоғызқұмалақты айтарлықтай ойнай алмайтын  еді. Бұл жолы бәрі жақсы дайындалып, бабында келіпті. Ойындар өте тартысты өтті. Алдағы мақсатым Азия және Әлем чемпионы атану. Қаншама мемлекеттің алдында көк туымыз көкке көтерілгені ерекше айтып жеткізе алмайтын сезім екен, — дейді толқынысын жасыра алмаған спортшы.

 

Тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Шымкент қалалық ұлттық спорт түрлері мектебінің бапкері Сәбит Сапарбековтің Дастанды осы ойын түріне баулып келе жатқанына он жылға жуықтаған.  «Бұл жеңістің артында қаншама жылдық еңбек пен маңдай тер жатыр. Сол еңбектің әлем алдында ақталғанына қуаныштымыз. Алда бағындырар белестеріміз әлі көп» дейді тоғызқұмалақ бапкері.

Тағы бір қуанарлығы, жастар арасындағы әлем кубогін Қазақстан командасының ойыншылары жеңіп алды. Яғни жастар құрамасы төрт алтын, төрт күміс, төрт қола медаль еншілеп жалпы командалық есепте топ жарды.

Ел намысын қорғаған Дастанды өзінің туып өскен Төле би ауданы, Абай ауылдық жалпы орта мектебі арнайы құттықтау кездесу кешіне шақырып, артынан өсіп келе жатқан жас өрендерге үлгі етті. Оқушылар кеш барысында сұрақтарын қойып, жерлестері чемпионға сый-құрмет көрсетті.

 

Аяулым ТАСТАНБЕК.

 

 

 

 

 

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.