ЖАҢА ҚУАТ КӨЗІ ТАРТЫЛДЫ

«Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС  2016-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы  аудандарда кезекті электр желілері жаңаланды. Бұл туралы арнайы баспасөз турында мекеме қызметкерлері жан-жақты мәлімдеді. ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментімен бірге ұйымдастырылған шараның мақсаты – медиа жоспарға сәйкес жүзеге асқан нысандарды бұқараға таныстыру, бес жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның 2021 жылы жүзеге асқан жұмыстарына ашық есеп беру. Департамент басшысының орынбасары Айбек Егембердиевтің айтуынша, жаңғырту жұмыстарына өзіміздің отандық өндірістен шыққан «Кентау трансформатор» зауытының сапалы, заманауи құрылғылары тартылған.

 

 

АҚБАСТАУ КӨШЕСІ

 

Алғаш таныстырылған нысан Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына қарасты Ақбастау көшесіндегі толық жөндеуден өткізілген электр қондырғысы. 2021 жылғы инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асқан жаңа трансформатор 160 кВА-ден 400 кВА-ге жаңаланған. Бұл барлығы 210 абонент электр энергиясымен қамтылды деген сөз.  – Оқшауланған желі ауа-райының қолайсыздығы мен төтенше жағдайларға төтеп беруге ыңғайластырылған. Бұған дейін 1981 жылы пайдалануға берілген құрылғы енді елу жылға дейін қалтқысыз қызмет етуге қауқарлы, – дейді «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС  өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Монтаев Самиддин.

Мұнан бөлек ақбастаулықтарға 86 дана темір бетонды бағаналар мен ұзындығы екі шақырымдық электр желілері ауыстырылып, пайдалануға берілген. Тиісті жаңғырту жұмыстарына жалпы 12 млн 500 мың тг көлемінде қаржы жұмсалған.

 

 

САЙРАМ АУДАНЫ

 

Түркістан облысындағы халқы да, тұтынушылық әлеуеті де жоғары ауданның бірі Сайрам. Осыны ескере отырып   Қожақорған тұрғын алабындағы «Тәуелсіздікке 30 жыл» қосалқы станциясы да толық жаңартылып, ел игілігіне берілді. Тікелей электр энергиясын жеткізетін заманауи қосалқы станциясы Қарабұлақ, Арыс,  Көлкент т.б ауыл округтеріндегі бірнеше елді мекендерді сапалы жарықпен қамтиды.Жалпы тұтынушы абонент саны 11 100 болса, әзірге соның 3 000 абоненті жаңа станцияға ауысқан. Нысанның қуаты 6 300 МВА, 35\10 кВ.   Жалпы құны – 236 миллион теңгені құрайды. Жаңа нысандардың ерекшелігі – байырғы механикалық сарында құрастырылған ескі құрылғылар заманауи  микропроцессорлық жабдықтармен алмастырылған. Бұл өз кезегінде қадағалаушы, жауапты мекеменің нысан жұмысының сапасынан автоматты түрде тұрақты ақпарат алып отыруына септігін тигізеді.  Тұрмыс барысында кедергісіз әрі сапалы жарыққа кенелген ауыл тұрғындары да дән риза.

– Бірнеше жыл бұрын киім үтіктеуге жарық жеткізе алмай, қатты қиналатынбыз. Өзім мектепте мұғаліммін, техникалық жабдықтармен жұмыс істеуімізге энергия қуаты жетіспейтін. Қазір үйде де, жұмыста да еш кедергі жоқ. Бізді жарық көзімен қамтамасыз еткен мекемелер мен мамандарға алғысымды білдіремін, – дейді Қарабұлақ елді мекенінің тұрғыны Барно Ерметова.

Алдағы уақытта тұтынушылар санының артатының есепке алған энергетиктер аталмыш трансформатор жанына екінші қосалқы нысанға да орын қалдырып қойыпты. Бұл сұранысқа қарай болашақтың еншісінде жүзеге асатын шаруа.

 

 

САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫ

 

Шымкент қаласына қарасты жаңартылған тағы бір нысан Сайрам Тұрғын алабындағы 110/10 кВ қосалқы станциясы. 1973 жылы іске қосылған, ескі типті, автоматтандырылмаған жабдықтар толықтай жаңартылып, модернизацияланды. Элегазды ажыратқыштар заманауи үлгіге ауыстырылды. Аталмыш қосалқы станциясынан берілетін электр энергиясын 12 мыңға жуық абонент пайдаланады. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің техникалық директоры Арқабай Тастановтың мәлімдеуінше, бұл жерге Шымкент қаласындағы үшінші энергоорталықтан электр энергиясы келеді. Бұған дейін 110 кВ-тық 121 және 122 екі желісі бөлек жұмыс істеп келсе, инвестициялық бағдарламасы аясында екі электр желісінің арасына 110 кВ-тық  ажыратқыш орнатылып біріктірілген. Бұл әдіс алдағы уақытта болатын жөндеу жұмыстары мен апаттық  жағдайларда өз тиімділігін көрсетеді деп сенеді мамандар.

 

 

ЕЛАМАН ТҰРҒЫН АЛАБЫ

 

2021 жылға жоспарланған міндетті инвестициялық жобалардың бірі Шымкенттегі Еламан тұрғын алабында таныстырылды. Мұндағы трансфарматордың қуаттылығы 500 кВА. Яғни бұл осы аймақтағы 262 абонентті электр энергиясымен қамтып отыр. Бағдарлама аясында елді мекендегі нормативке сай емес орнатылған желілер толықтай жаңартылып,  төрт шақырымдық электр желісі қайта тартылды. 116 дана бағана пайдалануға берілді және 0\4 6 кВ электр желілері жүргізілді. Қазіргі таңда бұл аймақта электр қуаты бойынша мәселелер толықтай шешілген деп айтуға негіз бар.

Жалпы 2021 жылы мұнан өзге Шымкенттің айналасындағы Қаратөбе, Қарабастау, Северная, Қызылжар елді мекендерінде жаңа электрлі құрылыс жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде бес елді мекенге 58 км электр желілері тартылып, 16 қосалқы станциялар орнатылды. Жалпы құны 378 миллионды құрайды.

Айта кетейік, таныстырылған жобалар  «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2016-2022 жылдарға қабылдаған инвестициялық бағдарламасының биылғы жылы жүзеге асырған құрылыстарының соңы. Бірнеше жылдан бері Түркістан және Шымкент қаласы бойынша 669 577 мың абонентке қызмет етіп келе жатқан мекеме алдағы уақытта да өз жұмысын сапалы түрде жалғастыра бермек.

 

Аяулым ТАСТАНБЕК.

 

 

 

 

Оқи отырыңыз... Мақала авторы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.