Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Бақырша, №42 разъезд елді мекендерін табиғи газбен қамту

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Қожатоғай жұртымен кездесуден соң Монтайтас ауылына барды. Округ әкімі Ербол Ахметовтің есебін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ауыл жұртымен бірге пысықтады.
Былтыр, Монтайтасқа қарасты Атамекен елді мекенінің барлық 13 көшесіне «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында асфальт жол салынып, пайдалануға берілді. Ал, Монтайтас ауылында орналасқан Б.Онтаев жалпы орта мектебі толықтай күрделі жөндеуден өткізілген.
Биыл тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Ақтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Ақтас, Бақырша, Шағыр елді мекендерінің электр жүйелерінің құрылысы басталып кетті.
Бұдан бөлек, Монтайтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қосымша 1 су ұңғымасы қазылып, ескірген су жүйелері ауыстырылатын болады. Ал, Тоғансай елді мекеніне «Омега» су тазалағыш қондырғы (фильтр) орнатылады.
«Тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды ауыл әкімі мен жауапты сала басшылығына тапсырамын. Барлық жұмыстар өз бақылауымда болады,»- деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Қазіргі таңда Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Бақырша, №42 разъезд елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалық сметалық құжаттамалары әзірленді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдарға жоспарлануда.
Сондай-ақ, заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, қаржыға ұсыныс берілді. Алдағы уақытта ауыл балалары заманауи спорт залында шынығатын болады. Бұдан бөлек, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. .
Биыл Монтайтас ауылы «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Шаһар басшысы ауылдастарды бағдарламаға қатысып, кәсіп ашуға шақырды.
«Биыл сіздер жаңа кәсіп ашуға немесе бар кәсібіңізді жандандыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қатысасыздар. Мен монтайтастық ағайыннан мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, ауылды өркендетуге шақырамын,» — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Жиында ашық пікір алмасу форматында өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Тұрғындардың дені ауыз су мәселесін шешіп беруді өтінді. Қала басшысы бұл бойынша кешенді шаралар атқарылып жатқандығын айтты.
Жиынның соңы жеке қабылдауға ұласты. Әр тұрғынның талап-тілектері жан-жақты айтылып, шешілу жолдары қарастырылды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі