Ауыз суды барынша үнемдеп, дұрыс пайдалан
СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР
Жаз мезгілі, ауданымыздың негізгі ауыз су көздері саналатын бұлақтардың көзі тартылып, су тапшылығы орын алатын жыл мезгілі.
Осы ретте, ауыз суды барынша үнемдеп, дұрыс пайдалануға халықты үгіттеу мақсатында, аудандық мәслихат жанынан арнайы комиссия құрылып, онда әкімдік, Тұраркент-су, тиісті құзырлы органдардан мамандандар енгізіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, елді мекендердегі ауыз суды көп мөлшерде пайдаланатын көлік жуатын орындарды аралады.
Аралау барысында, су есептегіш құрылғысы орнатылмаған нысан иелеріне қатаң ескертулер жасалып, құрылғы орнатылмаған жағдайда су берілуін тоқтатуға дейін шаралар қолданылатындығын жеткізді.
Айта кетерлік, бүгінде ауданымызда жаз мезгілінде суды үй іргелік бақшаларды суғаруға пайдаланатын тұрғындардың қатары сейілмей тұр. Кейбір тұрғындар үйіне ағын су келетін арық-атызды тазалауға ерініп, осындай жолды таңдап отыр.
Құрметті аудан тұрғындары
Қазіргі таңда, суды үнемдеудің түрлі жолдары бар екенін назарларыңызға саламыз. Соның бірі, арнайы резервуарға аптасына бір рет су жинақтап алып, соны тамшылатып суғару әдісі арқылы пайдалануға болады. Ол, өз кезегінде суды барынша үнемдеп қана қоймай, өнімді 2-3 есеге арттыруға септігін тигізеді. Және де егіндікте арам шөптің шығуын азайтады.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі