Ауыз су төлемін ТӨЛЕУ МІНДЕТТІ

Түлкібас аудандық мәслихат төрағасының кеңесшісі Т.Бердиев, Майлыкент ауылдық округінің әкімі Қ.Ахметов және ел қалаулылары Р.Қарақұлов пен Е.Құлжабаев, Түлкібас АПБ ЖПҚ УПИ полиция аға лейтенанты Ж.Жанысбек аудан орталығындағы Пушкин көшесінің тұрғындарымен кездесті. Басқосудағы негізгі мәселе тіршілік көзі судың жетіспеушілігі мен төлемдердің уақытылы орындалмауы бойынша өтті. Тұрғындардың көбі пайдаланған ауыз судың төлемін төлей алмай, берешегі артқанын алға тартуда. Мұндай мәселенің мән жайын ашып қараған ел ағалары халыққа түсіндірме жұмысын жүргізіп, төлемдерді төлеу міндетті екенін жеткізді. Сонымен қатар, ауыз су төлемдерін қабылдауға да межелі уақыт белгілеп, сол күнге дейін қарызды өтеудің міндетті екенін айтты. Егер де қарызды төлей алмаған жағдайда, су беруді де тоқтататынын халыққа ескертті. Демек, көрсетілген уақытқа дейін су көзіне төлемді төлеп, әрі қарай кезекті айға тұтынуды жалғастырады. Ал, қарыз болып, берешегі артқан тұрғындар суы қиылып, тұтыну көздері бекітілетін болады. Қос тарап келісімге келіп, алдағы уақытта бірігіп, жауапкершілік танытып жұмыс жасауға ниеттенді.