ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ БОЙЫНША ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕРГЕ ИНДИКАТОРЛАР ӘЗІРЛЕНЕДІ
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аяқталған жоқ, бұл бағытта бекітілген іс-шараға сәйкес жұмыстар өз жалғасын табуда. Облыс аумағында сенбіліктердің нәтижесінде 15 449 шақырым жол, 1093 м2 аяқжол тазаланды. 1270 аялдама ретке келтірілсе, 175 мыңға жуық ағаш әктелді, 346 саябақ және сквер ретке келтірілді. Оған қоса 60 мың шаршы метр немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланды.
Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге тағы да назар аударып, жауаптылардың есептерін тыңдады. Тиісті міндеттер жүктеді.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыстары бойынша әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сарапталып, рейтингі жасалсын. Әрбір басқарма өзі жетекшілік ететін мекемелердің тазалық акцияларына қатысуын қамтамасыз етсін. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, аймақта әр күн сайын аудан, қалада ретімен сенбіліктер ұйымдастырылады. Бұған қоса, әлі де болса ретсіз қоқыстар тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың, полиция департаментінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік бақылау тұрақты жүргізілуде. Қазіргі таңға, қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Барлық аудан, қалада жыл соңына дейін сенбіліктерді өткізу туралы жоспар бекітілген болатын. Басқармалар тарапынан да осындай іс-шаралар бекітілуде. Іс-шарада барлық салалар қамтылды. Атап айтсақ, спорт саласында іс-шараға сәйкес қанша спорт нысандары бар екені және оның нешеуі сенбіліктерге тартылғандығы жөнінде, жалпы спортшылар саны, олардың сенбіліктерге қатысқандары туралы ақпаратты қамтиды. Мәдениет, білім, денсаулық сақтау және өзге салаларда да осы жұмыс жүреді.
Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Одан бөлек, космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бойынша жұмыстар жоспарлануда. «Жастар орталықтары», Түркістан облыстық ҚХА, ауыл ақсақалдары, билері және басқа да ықпалды азаматтар игі іске жұмылдырылады.
Облыстағы аудан орталықтарында қызмет көрсететін 18 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды (КГУ) күшейту мақсатында техникаларды алу бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілді. Талдау барысында аудан, қалаларға қосымша 380 техника қажет екені анықталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі