АРЫС: ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ МЕН ШАРДАРА АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ 3-СЕКТОРДЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛДЫ

Бүгін Арыс қаласындағы Жамбыл облысы мен Шардара ауданына тиесілі 3-сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай салтанатты шара өтті. Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан құрылысшылар мен белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қалада орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға жұмыла кіріскен көпшілікке алғыс айтып, оқыс оқиғалардың енді елімізде орын алмауын тіледі. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек және басқа да азаматтар жамбылдық құрылысшылардың табанды тірлігін, елеулі еңбегін тілге тиек етті.

Айтулы шарада Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарына белсене араласқан құрылысшылар, мердігерлер, белсенді азаматтар мен әкімдік қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты жиын «Арысты тербеткен Әулиеата әуендері» атты К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ, шара аясында жарылыс кезінде қирап, қайта басынан бой көтерген 4 үй салтанатты түрде иелеріне табысталды. Бұл үйлердің екеуі басынан бой көтеріп, екеуі толық жаңғыртылған. Құрылысын жүргізген мердігер компания аталған үй иелеріне өз сый-сияпаттарын жасады.
Айта кетерлігі, Арыс қаласындағы Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Нәтижесінде қираған 4 үй басынан бой көтеріп, қалған 309 үйге түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарға 4 мердігер компания, 500-ден аса құрылысшы тартылған. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі