ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚЫТАЙДА МАҢЫЗДЫ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІП, МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасына іссапармен барды. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жұмыс сапарында облыс делегациясы бірнеше провинция мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысты. Басты мақсат – Түркістан өңірінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, зауыт-фабрикалар ашып, халықтың әл-ауқатын көтеру.

Түркістан облысының әкімдігі және Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Бас консулдықтың бірлесіп ұйымдастыруымен Шэньси провинциясында іссапар ұйымдастырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі «Weinan Jianguo» қонақүйіне барды. Түркістанда осы жобамен бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Вэйнань қаласы халық үкіметінің қала әкімі Чен Сяоюн, Шэнси провинциясының халықаралық достық қоғамы төрағасының орынбасары Цао Хуэймен кездесті. Тараптар өңір әлеуетін таныстырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді талқылады. Түркістан өңірінің шаруаларының білімін жетілдіруге арналған үлкен жоба дайындау туралы келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысымен Түркістан қаласы мен Вэйнань қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту, экономикалық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырза осы күнге дейін 7 рет кездесу өткізіліп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойылған. Бүгінгі кездесудің мақсаты – Түркістан облысы мен Вэйнань қаласы арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайту. Біздің облыс бизнеске бағытталған. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Түркістан күллі түркі әлемінің рухани астанасы ретінде даму жолында. Осы бағытта туризмді дамытуға күш салынады. Бұл келісім өңірлеріміздің түрлі салаларда дамуына серпін беретіне сенім білдіремін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Тарихы терең Вэйнань қаласы жеміс-жидек өсіруден ҚХР-да көш бастап тұр. Алтын мен көмір өндірісі қарыштап дамыған. Вэйнань қаласында Қытайдағы ең ірі жүзім бағы бар. Мұнда жүзімнің сан алуан түрі өсіріледі.
Шэньси провинциясының Вэйнань қаласындағы жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы аймақтағы ірі өнеркәсіп орындарын аралады. Қытайдағы ең ірі ұн өндіретін кәсіпорнында болды. Сондай-ақ мақсары майын өндіретін кәсіпорынды көрді. Индустриалды аймақ жұмысымен танысып, ауыр техника мен оның оның бөлшектерін шығаратын зауытын аралады. Зауытта экскаватор, бульдозердің сан алуан түрі шығарылады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Сиань қаласында жалғастырды. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.

Түркістан облысының делегациясы Қытайдың Сиань қаласында сауда-экономикалық форумға қатысты. Бизнес-форумда екі елдің 80-нен астам кәсіпорын өкілдері арасында B2B форматында кездесулер өткізілді. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр бизнес бастаушымен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Бірқатар құжатқа қол қойылды. Бірлескен жобалар арасында ауыл шаруашылығына ыңғайлы дрондар шығару, халықаралық мектеп салу, IT, құрылысты дамыту, ми ауруын емдейтін аурухана ашу, құрылыс материалдары зауытын салу, цифрландыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, травертин өндіру туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ өңір басшысы Мяньян қалалық партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі және вице-мэрі Ву Хао бастаған делегациямен жүздесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу туралы, ауыл шаруашылығы саласын, медицина, білім, туризмді дамыту бойынша бірқатар келісімдер талқыланды. Түркістан облысында жаңа көкөніс қоймасын салу жөнінде де келіссөздер өтті.
Іссапар Қытайдың өзге өңірлерінде жалғасын табады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі