ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ПОЛИЦЕЙЛЕР 21 000-НАН АСТАМ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАДЫ
Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында, Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 21 382 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде 13 220-сы жалпы пайдалану орындарының ластануы, 5382-сі абаттандыру ережелерін бұзу болса, 3570-і – жол жамылғысының ластану фактілері. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аудару, азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарауын қалыптастыру, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі