ТАЗА ҚАЛА СІЗ БЕН БІЗДЕН БАСТАУ АЛАДЫ!

Облыс орталығында республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Акция аясында Түркістан қалалық мәслихат депутаттары да өз үлестерін қосуда. Атап айтатын болсақ, қала көшелерінде тазалық жұмыстарын атқаруға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, мәслихат депутаттары Жамила Төреханқызы, Тәжібек Қалманұлы, Бегахмет Абусейтов және Бағдаулет Тұрманов қатысты.
Шынында да, тазалық тек қана тазалық мекемесінің қызметкерлері үшін ғана емес, қаламыздың әрбір тұрғыны үшін қажет.Осы орайда, әрине, тазаланған аумақтарды одан әрі күтіп ұстау халықтың адами жауапкершілігіне байланысты.
Ортақ мүдделер үшін бірлескен жұмыс-бұл адамдарды біріктіретін жалғыз ықпалды күш. Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, әдемі болуына өз үлесін қосуы керек.
Адамзат барлық махаббатты, мейірімділікті, сұлулықты табиғатта біледі. Сондықтан біздің басты мақсатымыз-табиғатқа ұқыпты, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау, қоршаған ортаның ластануына, зиян келтіруге жол бермеу.
Халық қалаулылары аталған шараның тазалық мәдениетін қалыптастыруда тәрбиелік мәні зор екендігін жеткізіп, тұрғындарды акцияны қолдауға шақырды.