САЙРАМ АУДАН ӘКІМІ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕР ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БАРЫСЫН ЖҮЙЕЛЕУДІ ТАПСЫРДЫ
Аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аудандағы игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, заңсыз жерлерді зерделеу және ауданға қарасты барлық ауылдық округтерінде тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Жиынға ауылдық округ әкімдері, тиісті сала және дербес бөлім басшылары қатысты.
Жалпы ауданда жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес, әр ауылдық округке тиесілі ауыл маңындағы және шалғайдағы жайылымдарға жануарларды жаю және айдаудың маусымдық маршруттарын белгілейтін күнтізбелік график әзірленген. Осы ретте, ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары аталған тақырып төңірегінде түйткілді мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.
Атап айтқанда, қазіргі таңда ауыл маңындағы жеке меншік құқығындағы жайылымдық алқаптар қиындық тудырып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ, негізгі жайылымдық жер учаскелерінің жергілікті ауылдардың жеке және заңды тұлғаларына тиесілі екенін жеткізді.
Осыған байланысты, аудан басшысы жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудан бас тартып отырған азаматтармен түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуді айтты. Және ортақ жайылым құру қажеттілігі бойынша жергілікті ауыл әкімдері мен ауыл билері тарапынан жұмысты жандандыруды жүктеді. Бұдан бөлек, жауапты тұлғаларға пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жұмыстарын жүйелеуді тапсырды.
Жиын соңында Арман Сәбитұлы тиісті сала мамандарына өңірдегі жайылымдық жер мәселесін жіті талдау, ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, жыл соңына дейін елді мекендерге қажетті жерлерді мемлекет мұқтажына қайтару, заңсыз құрылыс нысандарын зерделеу және аудан аумағындағы тазалық жұмыстарының барысын күшейту туралы бірқатар тапсырмалар берді.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі