ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ «TAZA QAZAQSTAN» ҚОСЫМШАСЫ ПИЛОТТЫҚ РЕЖИМДЕ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

«Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде уақытылы өткізілуде. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жалпы барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген. Өткен аптаның ішінде, 10 ауданның 33 елді мекенінде ауқымды сенбілік өткізілген. Нәтижесінде 3 236 тұрғын қатысып, 554 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сонымен қатар 59 техника жұмылдырылып, 66,8 тонна қоқыс шығарылды.
Түркістан өңірінде «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Бүгінде 320 өтінім түсіп, оның 297-сі орындалған. Қалғаны орындалу барысында, ал оннан аса өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Бұған қоса қосымшаны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Бір аптаның ішінде 33,3% өсіп отыр.
Өңір басшысы аталған ақпараттық жүйемен жұмыстарды жүргізу Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Аудан, қала әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деді. Апта сайынғы кеңестерде, өңірлердегі қосымшамен жұмыс деңгейі бойынша баяндауды тапсырды.
Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда. Облыс көлеміндегі республикалық және
облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші кезекте қасбеттерін сырлау, әрлеу, біркелкі түске бояу және түрлі-түсті гамма жарықшамдарын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі