ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Төлеби ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев төрағалық етіп, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды.
Төлеби ауданы аумағында 2024-2025 жылдарда қыс мезгілін қауіпсіз өткізу тақырыбына арналған басқосуда қысқа дайындық барысы талқыланды. Аудан аумағында жылыту маусымы жеті айға жуықтайтын елді мекендер бар екенін ескерсек, «кәрі құданың» қаһарына төтеп беру жан-жақты дайындықты қажет ететіні белгілі. Олай болса, қысқа әзірлік барысы қалай?
Бұл тақырыпта Төлеби ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Медетхан Шанбаев, «Ленгір су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Арнұр Ермекбай, «Жарық жол» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Асқар Тұртаев, «Оңтүстік жолдары» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Төлеби аудандық учаске басшысы Асқарбек Дарменов мекеменің қысқа дайындығы барысы жөнінде баяндама жасады.
Жиында әлеуметтік нысандардағы, көпқабатты үйлердегі жылу жүйелерінің дайындығы, орталық жылу қазандығының жылу беру маусымына әзірлігі жөнінде жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, төтенше жағдайлардың алдын алу және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға әзірлігі де сөз болды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша жауапты мекеме және бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қыс мезгілінде техникалық ақауларға жол бермеуді осы күннен бастап пысықтауға шақырды. Алты ай қыстың ақ бораны мен сары шұнақ аязы бейқамдықты көтермейтіні ескертіп, жылу беру бағытындағы барлық мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі