ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДЫ БҮЛДІРУ – ОРТАҚ ИГІЛІККЕ ҚАРСЫ ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТ
Арыс қаласының ажарын ашып, көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған «Арбат» демалыс аумағының кіреберіс жазуы бүлінуіне байланысты қайта қалпына келтірілуде.
Бұл көрнекті орын қаланың тыныс-тіршілігінің бір бөлшегіне айналып, тұрғындар мен қонақтардың сүйікті орнына айналған еді. Жаздың шуақты күндерінде балалардың шат күлкісі мен үлкендердің тынығып, демалатын орны болған Арбаттың маңыздылығы күннен күнге арта түсуде.
Өкінішке қарай, саябақтың құрылымдары мен безендірілуі бірнеше мәрте бүлінуге ұшырап, қала тұрғындары мен қонақтар тарапынан күтімсіздік байқалуда. Әрбір қала тұрғыны үшін ортақ демалыс орнын бүлдіріп, қоғамдық мүлікті қадірлемеу – болашақ ұрпаққа қалдыратын мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қарсы әрекет болып табылады.
Сондықтан да қала әкімдігі тұрғындарды қаламыздың көркем жерлерін күтіп ұстауға, өз қаламыздың тазалығы мен әдемілігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Арбат тек қана қала орталығындағы орын емес, демалатын, шабыт алатын, жақсы уақыт өткізетін мекен. Оның келбеті – біздің мәдениетіміздің, тәрбиеміздің айнасы.
Арыс қаласының тұрғындары Арбатты бүлдірмей, керісінше, оны көзіміздің қарашығындай сақтап, сүйіспеншілікпен күтіп ұстасақ, ол әлі де талай ұрпаққа қуаныш сыйлайтыны анық. Өз қаламызды бірге көркейтіп, ортақ құндылықтарымызды құрметтейік құрметті жерлестер!
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі