ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ АЙТЫС ӨТТІ

Кентау қаласында Республика күніне орай «Кентауым – мәуелі гүл бағым» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Аламан айтыстың ашылуында қала әкімі Жандос Тасов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Дүбірлі доданы ақын Тұрар Тілеулиев жүргізіп, жан-жақтан келген барлығы 12 ақын өнер көрсетті.
Қара домбыраны серік етіп, жұрт алдында кестелі сөзбен күмбірлеткен айтыскерлер Кентау қаласының тарихын айтып, бүгінгі таңдағы даму жолындағы бағыттары мен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады.
Ақындардың әрбір сөзіне мән беретін қазылар алқасында ақын, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі – Бекмұрат Анарбаев төрағалық етті. «Сауран» газетінің бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,«Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ләззат Сарыбаева, айтыскер ақын Нұрлыбек Мейірманов, ұстаз, ақын Сәттібай Айтбаев, ақын, дәстүрлі әнші-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аязбек Рустамов қазылар алқасының қатарында болды.
Айтыс нәтижесінде сайыстың бас жүлдесін айтыскер ақын Ахметрасул Баянбай жеңіп алса, 1-орынды Жанарыс Ибадулла, 2-орынды Карима Оралова мен Бекарыс Шойбеков иеленді. Ал 3-орынды Нұрмахан Жақыпбек, Нұрдәулет Өмірбек, Бексұлтан Орынбасаровтарға бұйырды.
Аймақтық айтысқа қатысушыларға арнайы алғыс хаттар, дипломдар мен қомақты көлемдегі қаржылай сыйақылар табысталды.Кентау төрінде өткен айтыс халықтың рухын түлетіп, ерекше сезімге бөледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі