РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ЖЕТІСАЙДА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жетісай ауданының жұртшылығы да Республика күнін жоғары дәрежеде атап өтті. Салтанатты мереке аясында Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекеніндегі мәдениет және спорт кешені пайдалануға берілді.
1986 жылы қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, 2679,1 шаршы метр аумаққа жүргізілген жөндеу жұмыстарының жалпы құны 691 млн. 445 мың теңгені құраған. Өндірістік кестеге мәйкес келесі жылы қолданысқа берілуі тиіс болған мәдениет үйін «Намыс» ЖШС мердігер мекемесі биыл аяқтап, ел игілігіне тапсырып отыр. Жаңартылған кешенде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың волейбол, футбол және шахмат, тоғызқұмалақ, бокс пен қазақ, еркін күрес, ән, күй, би үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Аудан әкімі мәдениет үйін аралап, жұмысымен танысып, үйірмелердің қатысушыларымен тілдесті.
Қолөнер бұйымдары мен кітап, сурет көрмесі жұртшылық назарына ұсынылған мерекелік шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, еңбек ардагерлері мен жергілікті тұрғындар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жергілікті мәслихат депутаттары, БАҚ пен зиялы қауым өкілдері, сан саланың үздіктері қатысты.
Аталған іс-шарада аудан әкімі Серік Мамытов аудан тұрғындары мен қонақтарын Республика күнімен құттықтады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар жандар марапатталды.
Мемлекеттік тарихымыздың мерейлі мерекесі болған Республика күні мерекесінің салтанатты бөлімінен соң аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй Жетісай аспанын ұлттық құндылықтармен көмкерді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі