ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

Сайрам ауданында аудан, ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен кездесулері тұрақты түрде жалғасын тауып, көтерілген мәселелердің түйіні тарқатылып келеді. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің Қарабұлақ ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде Қарабұлақ ауылы, Жаңақұрылыс аумақтарындағы бірқатар көшеге трансформатор орнату мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда өтініштер назардан тыс қалмай, бекітілген жоспарға сәйкес, ауылдық округ аумағындағы 19 көшенің трансформаторларын жаңарту қолға алынуда.
Атап айтқанда, Қарабұлақ ауылының Ибн Сина, Т.Садуллаев, Ғ.Ғұлам, А.Ахун, Жаңаабад, М.Әуезов және Т.Рүстемов көшелеріне 250 кВА қуатты жаңа трансформаторлар қойылуда.
Айта кетейік, аталмыш көшелердегі жарықтың өшуінің алдын алу аясындағы бұл жұмыстарды жергілікті бюджет есебінен «Ерасыл -Құрылыс — 2013» мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.
Ауыл тұрғындарын толғандырған Х.Алибжан, Қарауылтөбе, Қайтпас, Науаи, Далабазар, Мукуми, Хамза, Ахунбабаев, Шымкент қақпа, Ю.Халтаев, Элтай баба және А.Абдулла көшелеріндегі трансформатор орнату мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі