БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ КӨКТЕРЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ӨТТІ

Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Көктерек ауылдық округінің Бірлік елді мекенінде жүргізіліп жатқан ішкі газ құбыры жүйелерінің және Кеңестөбе елді мекеніндегі салынып жатқан балалар ойын алаңшасының құрылыстарын аралады. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын жобалық сметалық құжатқа сәйкес сапалы жүргізу және нысандарды бекітілген мерзімді пайдалануға беру қажеттігін ескертті.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кеңестөбе елді мекенінде жөндеуден өткен, асфальт төселген көшелерді аралап көрді.
Құрылыс нысандарын аралап болғаннан кейін, Ерлан Заипұлы Кеңестөбе елді мекеніндегі мәдениет үйінде ауылдық округке қарасты үш елді мекеннің тұрғындарына есеп берді.
Жиында тұрғындар электр жарығы, тазалық мәселесі, ішкі көшелерді асфальттау және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойылды және ұсыныс-пікірлер айтылды. Ұсыныс-пікірлер назарға алынып, қойылған бірқатар сұрақтарға аудан әкімі және салаға жауапты мекеме бөлім басшылары тарапынан жауаптар берілді.
Жиында аудан әкімі көтерілген мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Көктерек ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі