МҰРАТ ӘЙТЕНОВ БЕЛГІЛІ АҚЫН ӘКІМ ЫСҚАҚТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ақын, сазгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен кездесті.
Кездесу барысында шаһар басшысы Елбасы ұсынған рухани жаңғыру — бүгінде ұлттық идея деңгейіне көтерілгенін, мемлекет қоғамның рухани-мәдени дамуына айрықша назар аударып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов ұлттық кодты сақтау мен мәңгілік ел мұраттарына қол жеткізуде шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
—Сіз қазақ поэзиясы мен сатирасына елеулі еңбек сіңірдіңіз. «Қарлығаш», «Гүл қауызындағы тамшы», «Күн ұлымы» атты жыр жинақтарыңыз бен әсем әндеріңіз көпшілікке кеңінен танымал. Сонымен қатар Сіздің «Абзалдық әліппесі», «Жүректегі жазулар» сынды туындыларыңыздың тәрбиелік мәні зор, — деген Мұрат Дүйсенбекұлы ақынды асқаралы 60 жасқа толуымен құттықтап, оған шалқар шабыт пен зор денсаулық тіледі.
Айта кетейік,  қаладағы Абай атындағы орталық кітапханада Әкім Ысқақтың 60 жылдығына арналған «Мөлдірейді жүректегі жазулар» атты кездесу кеші мен кітап көрмесі өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ SILKWAY Халықарлық университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында студенттер көкейде жүрген көптеген сауалдарын қойып, әдемі де әсерлі жауаптар алды. Онымен қоса студенттер Әкім Ысқақ ағамыздың 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, өлең шумақтары мен тілектерін арнады.
Қоғам қайраткері жиын соңында оқу орнының білімі мен техникалық базасын жоғары бағалағанын жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді.