Н.ІЗТІЛЕУОВ: Кәсіп ашып, өз ісін бастаймын деген азаматтарға қолдау білдіреміз!

Бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың халық алдындағы есеп беру кездесуі Ақбиік ауылдық округінде жалғасын тапты.
Кездесу басталмас бұрын, аудан әкімі сол ауылдан өз кәсібін ашып, дөңгелетіп отырған азаматтардың өнімдерімен танысып, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Әрі қарай ісін ұлғайтқысы келген жағдайда, қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Басқосуға округке қарасты Сарытөр, Құлан және Ақбиік ауылдарының тұрғындары қатысып, көкейінде жүрген мәселелерін аудан басшысына жеткізді.
Атап айтсақ, Ақбиік және Құлан ауылындағы жаңадан түскен көшелерге газ, су және электр жарығы мен жол тарту, ағын су, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелермен жүгінді.
Нұржан Жақсылықұлы әр мәселені сол жерде жауапты мекеме басшыларымен жеке-жеке талдап, Заң аясында шешу мақсатында тиісті тапсырмалар жүктеді.
«Ауданымызға қарасты барлық ауылдарда шешуді қажет ететін мәселелер жетерлік. Дегенмен, оның бәрін тез арада шешу қыруар қаржыны қажет етеді. Сол себептен, бірінші кезекте өзекті деген мәселені шешуге басымдық беріледі»-деді, Нұржан Жақсылықұлы.
Сонымен қатар, аудан басшысы жеке кәсіп ашуға қызығушылық білдірген округ тұрғындарына мемлекет тарапынан барлық қолдаулар болатынын тілге тиек етіп, әр ашылған кәсіпкерлік нысан ауданымыздың дамуына, ондағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей септігін тигізеді деді.
Айта кетерлік, ағымдағы жылы округтегі өзекті мәселенің бірі «Құлан-Сарытөр-Ақбиік» бағытындағы облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары бастау алды. Нысан келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек, осы жылы Құлан ауылындағы жаңа құрылыс көшесіне газ және су жүргізу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда мердігерді анықтау шаралары атқарылуда. Ал, асфальт жабындысы төселмеген көшелерге алдағы жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы қарастыру жоспарлануда.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі