ТҮРКІСТАН: БАЗАРДАҒЫ КІТАПХАНАҒА 10 МЫҢДАЙ ОҚЫРМАН КЕЛГЕН
Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен вице-министрлер жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында «Базардағы кітапхана» жобасы шеңберінде «Қуаныш» сауда орталығында кітапхана пунктіне ат басын бұрып, сондағы жұмыстармен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл жобаның негізгі мақсаты кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып, креативті идеялардың тууына мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ аудан, қалаларда жалғасып жатқанын атап өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын әзірлеу барысына тоқталды. Содан соң елімізде алғаш қолға алынған жобаның өзге өңірлерге де үлгі боларын айтты. Сауда орталығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева тұтыншулар мен жеке кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие болып, келушілердің артып келе жатқанын жеткізді. Облыстық кітапхана басшысы Жанат Шардарбекованың айтуынша қазірге дейін 10-мыңға жуық адам кітапхана қызметтерін пайдаланған. Мәдени ошаққа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев, Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да қатысып, кітапхана жұмысын жоғары бағалады.
Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес ашылған кітапхана пунктінде көркем әдебиет пен кәсіпті нығайтуға бағытталған және әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Балаларға арналған туындыларды да табуға болады. Оқырман сұранысына сай кітап сөрелері мен мерзімді басылымдар тұрақты түрде жаңартылады. Кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды көздейді.
Айта кетейік, өңірде «Ашық әкімдіктегі – ашық кітапхана» жобасы да іске асырылып, облыстағы барлық әкімдікте ашылған болатын. Бұдан бөлек мешіт-медреселерде де кітапхана бұрыштары әзірленуде. Мұндай кітапхана оқуға жайлы орта жасап, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі