Қызтай Дүйсебекова жүзінші күзін жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлермен бірге қарсы алды. Екі ғасырдың куәсі болған қарт кісіні медицина мамандары 100 жасқа толған күнінде ауруханадан шығарып салды.
Қызтай әжей 7 қыркүйек күні Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына ауыр халде жедел жәрдем көлігімен жеткізілген еді. Дәрігерлер науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, әжейдің өкпе тінінің 55% зақымдалғаны анықталды. Бұған қоса қарт кісіні асқазанындағы жарасы мазалапты.
Дәрігерлер науқасты бөлімшеге жатқызып, вирусқа қарсы терапиялық ем жүргізді. Соның нәтижесінде қарт ана толығымен айығып, дәл туған күнінде ауруханадан үйіне шықты. Дәрігерлерге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
“Түскен кезде жағдайы ауыр болатын. Хаттамаға сәйкес ем жүргіздік. Қазір жағдайы бірқалыпты”, — деді емдеуші дәрігері Тіленшина Ләззат.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы.