ФУТБОЛДЫ ДАМЫТУ НИЕТІНДЕ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қазақстан футбол федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қалалық спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов пен ҚФФ бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер және әйелдер футболы департаментінің директоры Ерлан Жамантаев қалада спорттың осы түрін дамыту бойынша бірлесе әрекет ету туралы келісімге келді.

Меморандум аясында тараптар жастар, студенттер, мектеп оқушылары, көркемөнерпаздар, ардагерлер және әйелдер командаларының қатысуымен турнирлер ұйымдастыруға және осы іс-шараларға ақпараттық көмек көрсетуге уағдаласты.

Сондай-ақ, жаттықтырушылардың, ғылыми-педагогикалық құрам өкілдерінің тәжірибе алмасуына жағдай жасап, бірлескен семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруға келісті.