ЖАНТАҚ БАЛЫ — БАЛДЫҢ ТӨРЕСІ

Биылғы пандемия халыққа денсаулықтың қадіріне жетуді, иммунитетті күшейтіп, саулығына мән беруді үйретті десек артық болмас. Биыл оңтүстік өңірде күз жылдағыдан ерте түсті. Қылышын сүйреткен қыстың жететін күні де алыс емес. Күн шығып тұрғанымен салқын ауа-райына көп адамның алданып қалып жатқанын көріп отырмыз. Себебі, түшкіріп, мұрны пысылдап, әлсіреп жүргендердің көптігін көзіміз шалып жүр.

Күз мезгілі нағыз денсаулыққа көңіл бөліп, иммунитетті күшейтіп, жеміс-жидек, көкөністерді көбірек тұтынып ағзамызды қысқа дайындайтын мезгіл. Біз денсаулықты нығайту үшін түрлі витаминдерге қыруар ақша жұмсап, жалпы иммунитетті жақсартудың жолдарын іздейміз. Бірақ, адамдар көбінесе табиғат ананың осы мақсаттарға арналған сыйын өзі бергенін байқамайды. Осы орайда бүгін назарларыңызға табиғаттың  үлкен сыйы, адам денсаулығының бірден-бір қорғаушысы, аурудың алдын алушы – балдың пайдасы туралы мәліметті ұсынбақпыз.

Қасиетті Құранда балда шипа бар екендігі айтылған. «Раббың бал арасына былай деп уаһи етті: «Таулардан, ағаштардан және адам­дар салған күркелерден өзіңе ұя жаса. Сосын әртүрлі жемістермен қоректеніп, Раббыңның саған жайылуға жеңілдеткен жолымен жүр!». Араның қарнынан түрлі-түсті бал шығардық, онда адамдарға шипа бар. Әлбетте, мұнда ойланған қауым үшін ғибрат жатыр» («Нахл» сүресі, 68,69-аяттар).

Білікті дәрігерлердің пікірінше, балды дәрумен ретінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін пайдаланғаны дұрыс.Себебі, бал – шипалы тағам. Құрамында адам ағзасына өте қажетті жетпістен астам зат бар. Атап айтқанда, бал қан құрамын жақсартады, ішкі ағзалардың қызметін жандандырады, иммунитетті арттырады, дененің физиологиялық қызметін, күш-қуатын қалпына келтіреді. Мидың жұмысын жақсартады, тыныс алу жолдарын артық өңезденуден сақтайды. Ол сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруына, бауырға, бүйрекке, ішек-қарын жолына, суық тиюге, құяң мен өтке пайдалы. Балды құрт ауруына, ұйқысыздыққа, бас ауруына, қан қысымына, асқазан жарасына, есте сақтау қабілетін жақсартуға, тіпті күйікке де ем ретінде пайдалануға болады. Балдың сондай-ақ аллергияға, бактерияға, қабынуға қарсы да қасиеттері анықталған.

Табиғатта түрлі өсімдіктерден жиналуына байланысты балдың да түрі өте көп. Адам ағзасы үшін әсіресе жантақ гүлінен жиналған балдың маңызы зор. Сондықтан да бал жинаушылар мен оның қсиетін жете бағалайтын тұтынушылар жантақ балын – балдың төресі деп атайды. Жантақтың оңтүстік өңірде көп өсетінін ескерсек, балдың төресін осы жақтан табу қиын емес. Түсі ақ немесе ашық – янтарь түсті, иісі ерекше хош иісті бар балдың бұл түрі глюкозаға бай. Дәмі өзге балдардан кермектеу келетін ол іш құрылысы, тыныс алу органдары ауруларын емдеуге және артық тұзды ыдыратуға септігі көп тиеді. Суық тигенде, тұмау кезінде оның құрамындағы антибиотикалық заттар аурумен күресетін бірден-бір табиғи дәрі. Сонымен қатар, ревматизм аурулары мен ағзадан улы заттарды (токсиндерді) шығаруда, ағзадағы микробтарға қарсы таптырмас көмекші. Жантақ балын тұрақты тұтынсаңыз баспа (ангина) ауруынан құтылуға да болады.

Жантақ балының калориясы жоғары. Оның құрамындағы көмірсулар мен глюкоза 85 пайызға дейін жетеді. Сондай-ақ құрамында В, Е, К, С витамині, каротин мен фолий қышқылы, микроэлементтер, антиоксиданттар мен басқа да биологиялық белсенді заттар көптеп кездеседі.

Жантақтың шөлді, таулы, сор далада өсетінін ескерсек, жантақ балы экологиялық таза, адам тіршілігінен алыс аймақта жиналады, құрамында ауыр металдар мен түрлі улы заттар болмайды.
Бал ешқашан бұзылмайтын, айнымайтын тағам. Мемлекеттік стандарт (ГОСТ) бойынша 20 градустан жоғары емес температурада балды 1 жыл сақтауға болады. Алайда дұрыс шартта дәмдік және пайдалы қасиеттерін жоғалтпай, балды бірнеше жылдап сақтауға болады. Егер балыңыз кристалдана бастаса қорықпаңыз.

Жалпы балдың пайдасы, қасиеті жайлы көптеп айтуға болады. Оның әр ауруды емдеуде, косметикалық мақсатта пайдалануда өзінің қолдану мөлшері мен әдістері көп. Егер балды иммуниттеті күшейтіп, ағзаны тазалау үшін қолданамын десеңіз, күнде таңертең бір стақан жылы суға бір шай қасық балды араластырып ішсеңіз болады. Асқазан, ішек-жолдарын емдеймін десеңіз, таңертең ашқарынға бір шай қасық балды жалап, жарты сағатқа дейін ештеңе жемеңіз. Суықтап, тамақ ауырғанда жылы сүтке араластырып ішсеңіз суықты шығарады. Балдың қатты терлететін қасиеті бар. Сондықтан оны емдік мақсатта пайдаланып жүрген болсаңыз жылы жүргеніңіз абзал.

Балдың таза екенін тексергіңіз келсе бір стақан суға (ыстық емес) балды салып араластырып көріңіз. Таза бал суда еріп кетпейді. Қанша араластырып, қозғасаңыз да түбінде тұнып қалады. Сондай-ақ, балды қағазға тамызып көріңіз. Егер қанша уақыт өтсе де қағазға жайылмай, бастапқы формасын сақтаса, балыңыз таза деген сөз.

Әсел  Алмасқызы.