БҮГІНГІ ЖАС ТӘШЕНОВТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Шырайлы Шымкенттің орталық көшелерінің бірі. Қала өмірі, әдеттегіше, «қайнап жатыр». Автобустағы халықтың қарасы қалың. Бірі түсіп, бірі мініп, ығы-жығы. Бұл жақтағы сіңісті болған дәстүр бойынша, кондуктор келесі аялдаманы саңқылдай айтып келеді. Онысы — жолаушылар алдын-ала қамдана берсін дегені.

  • Шмита, Шмитадан түсетіндер бар ма? – дегені сол-ақ екен, алдыңғы орындықта отырған қария бір жөткірініп:
  • Әй, қарағым, Шмита емес, Тәшенов де. Тәшеновтың кім екенін білесің бе? Қазақтың жеріне көз алартқандарға қарсы шығып, қара басын күйттемеген Тәшенов болмаса, бұлай тайраңдап жүрмес едік, — деп, көшенің атаулары ауысқанына бірталай жылдар болса да, жаңа атауды жаттауға құнт қоймаған жүргізуші көмекшісіне бірталай сөзді ақтарып барып бір-ақ тоқтады.

Қарияның сөзі біраз ой салып кетті. Шынында, біз Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтей қоғам қайраткеріне, ұлтының адал перзентіне лайықты бағасын бере алдық па? Қасиетті қазақ жерінің ұлтарақтай болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне қарсы шыққан ерлігін ұмытсақ, тарихқа қиянат жасағанымыз болмай ма?

Алпысыншы жылдардың бас кезінде Никита Сергеевич Хрущев «Тың өлкелері бір орталыққа бағындырылуы керек» деген сылтаумен Ақмола,  Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар жерлерін Ресейдің құрамына қоспақ болады. Мұндай мысық дәме, пасық тілеуге Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып отырған Жұмабек Тәшенев батыл түрде қарсы шықты. ««Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал, ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ. Бабаларымыздың сүйегі жатқан жерді қай қазақ қиып береді. Мен бұған түбегейлі қарсымын» деп ашық тойтарыс берді. Оңтүстік өңіріндегі мақталы аудандардың Өзбекстанға қосылып кетуі қаупі төнгенде де өзі төрағалық етіп, арнаулы комиссия құрады. Комиссия шешімімен Орталық комитет амалсыз келіседі. Осы ерліктері жайлы генерал, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетов «Жұмабек Тәшенов қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» деген болатын. Әрине, бұл қарсылықтардың бағасы жеке басы үшін оңайға түспеді. «Ұлтшыл» деп, шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды.

Жұмабек Ахметұлының қолтаңбасы біздің ауданда да бар. 1965 жылдар шамасы болса керек. Сол кездегі Шаян ауданы, Бірлік колхозында орталау мектеп болмапты. Балалар төрт жылдық бастауыш мектебін бітірген соң, шамасы барлар жататын үй тауып, шалғайдағы туыстарын жағалап, білімін жалғайды. Ал оған шамасы келмегендері аз-маз қара танығанын қанағат етіп, қара жұмыспен қалып қояды. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келе сол кезде облысқа аты шығып, абыройы күн сайын артқан Айнабек ақынға келіп, қолқа салады.

  • Елдің арызын арқалап, Жұмабектей ерге жеткіз. «Жүк ауырын нар көтереді» демекші, бұл мәселені бір шешсе, сол азамат шешер, — деп уағдаласыпты.

Айнабек ақын сол кездегі облыстық кеңес төрағасының орынбасары Жұмабек Тәшеновтің есігін қақты. Есіктен кіре салып, «төрлетіңіз» деген Жұмекеңе қарамастан домбырасының құлағын келтіріп, жыр шумағын дестелей төгіпті.

Саламатсыз ба, Жұма-еке,

Бірегей басшы асылым.

Асып туған адамсың,

Парасатың мен ақылың.

Билікте болған кезіңде,

Қиянат саған жасалды,

Келмеді оған жасығың.

Оңтүстікке кеп қалдың,

Бұйрық болып нәсібің.

Мұқтажды айтар баяндап,

Облыста болмай тұр,

Өзіңнен өзге жақыным.

Аулымдағы мектебім

Бастауыш білім төрт жылдық.

Төрт жылдықтан шыға алмай,

Талай жылды өткіздік.

Жоғары сынып мектеп жоқ,

Санамыз өспей ескірдік.

Тәшеновке барғын деп,

Мені сізге жіберді

Ауылдағы көпшілік, — деп өлеңдетіп тұрғанда Жұмекең ақынның қолын алып, қасына отырғызып, сол жерде жеті жылдық мектепті күзге дейін пайдалануға беру үшін қаражат бөлдірген екен. Тапсырманың тиянақты орындалуына өзі бас-көз болыпты. Сол кездегі жұртшылықтың Тәшенов дегенде көңілі алабөтен еді. Бұл, бәлкім, алдына келген адамның мәселесін созбаққа салмай сол жерде шешетін іскерлігінен туған сүйкімі болар. Бір ақсақал соңғы демі бітуге аз ғана уақыт қалғанда көңілін сұрап келуші адамдардың біріне: «Өлсек, өлерміз. Тәшеновтен жанымыз артық па?», — деп айтыпты. Ердің бағасын қашан да ел біледі. Қазақ үшін от пен суға түсуден қаймықпаған перзентіне жұрты да елжірей еміренген.

Қызметке, мансапқа құл болуды емес, қазаққа адал ұл болуды көксеген Жұмабектей перзенті бүгінгі күнде де елінің құрметіне бөленуі тиіс деп ойлаймыз. Осыған орай, қайраткердің жүріп өткен жолы көркем фильм болып таспаланса, кітап болып жарыққа шықса, көп нәрседен ұтарымыз хақ. «Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға солай үлгі көрсетсек. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» демей ме қазақ даналығы?! Ел Жұмабек Тәшеновтей перзентін ардақтап, алқалап, тиісті дәрежедегі құрметін көрсетсе, қызмет баспалдағын жаңа басқан жастар да ел мүддесін жеке мақсаттан биік қойып, ар алдында адалдығын сақтаудың алғыспен ғана өтелерін сезінер ме еді?!

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА.