КОРОНАВИРУСПЕН БАЛАЛАР АУЫРЫП ЖАТЫР
Биылғы 2020 жыл бүкіл адамзат баласының есінде «коронавирус жылы» ретінде есте қалды. 2019 жылдың қысынан бері қаншама адамның өмірін жалмаған бұл індеттің әлі де беті қайтар түрі көрінбейді. Белгілі сала мамандары күзде бұл аурудың балалар арасында таралуы мүмкін екенін де айтқан. Сол болжам орындалып жатқан сияқты.
Елімізде коронавирустан соң пайда болатын Кавасаки синдромына ұқсас аурудан бүлдіршіндер көз жұма бастады. Осыған дейін аталмыш кеселден екі бала өлген, дейді КТК телеарнасы. https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/10/01/160295/
Сирек кездесетін Кавасакиге ұқсас ауру алғаш рет тамыздың басында тіркелген. Содан бері қауіпті кеселге 41 бала шалдыққан. Олардың 37-сі жазылып шықты. Ал екеуі әлі де ем қабылдап жатыр. «Жағдайы қалыпты», — дейді дәрігерлер. Аталмыш дертке шалдыққан бүкіл баланың ағзасынан коронавирусқа қарсы антидене анықталған. Жалпы пандемия басталғалы елімізде Covid-19-ды 2 жарым мың бала жұқтырса, оның 86 пайызында кесел симптомсыз өтіпті. Демек ата-аналар перзентінің індетпен ауырғанын білмеуі мүмкін. Сондықтан мамандар баланың қызуы көтеріліп, денесі бөртсе, дереу дәрігерге жүгінуді ескертеді. Өйткені дер кезінде ем-дом жасау – маңызды. Әдетте Кавасаки синдромына ұқсас ауру коронавирустан айыққан соң, 2-6 апта аралығында пайда болады.
(Сурет ғаламтордан алынды).