МҰҚАН ЕГІЗБАЕВТЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Шымкент қаласының, Түркістан облысының медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевқа өзі талай жыл басқарған облыстық клиникалық аурухананың ғимаратында ескерткіш тақта орнатылып, музейі ашылды.

Медицина саласының білгірі осы уақытқа дейін талай шәкірт тәрбиелеп үлгерген дәрігерді еске алу шарасына марқұмның әкесі Кеңесбек Егізбаев, ет жақындары мен әріптестері, дос-жарандары қатысты. Жиналған қауым оның жарқын бейнесін еске алып, мәңгі ел есінде сақталатынын айтты.

Дертіне дауа іздеген талай жанның алғысын алған, халықтың қорғанышы, һәм қолдаушысы бола білген ақ халатты абзал жанның көптеген марапаттары мен естелік суреттері, жұмыс үстелі шағын мұражайға жинақталған.

Мұқан Кеңесбекұлы дәл осы облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған жылдары, медициналық мекемені жаңа сатыға көтерген болатын. Ақ халатты абзал жан бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған. Марқұм еңбегін ел таныған, талай жанға қол ұшын созып, қамқорлық жасаған арда азамат еді.

Мұқан Егізбаев 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туылған. Білімі — жоғары, мамандығы педиатр-дәрігер, экономист, денсаулық сақтау саласында жоғары санатты ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы атағының иегері. Қарапайым отбасынан шыққан ол алғашқы еңбек жолын 1987 жылы педиатр болып бастаған. Өзінің кәсіби шеберлігі, ұйымдастыру қабілетінің арқасында Шымкент қаласындағы бірқатар ауруханаларда белді қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен облыстық дерматовенерологиялық диспансерді, облыстық клиникалық және облыстық балалар ауруханасын басқарған. Ғылыми және тәжірибелік жұмыстарын да табысты атқарған Мұқан Кеңесбекұлы 41 ғылыми еңбектің авторы.