САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Сарыағаш ауданы прокуратурасының бастамасымен аудан әкімдігінде жылыжайлардың проблемалық мәселелері қаралды.

Жиналысқа облыстық экология департаменті, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Кәсіпкерлік палатасы, жергілікті атқарушы органдардың басшылығы мен жылыжай иелері қатысты.

Республика бойынша жылыжайлардың 43% Сарыағаш ауданына тиесілі.

Қазіргі кезде, орта есеппен жылыжайлардың жұмысын жүргізу  (жылыту) үшін 95% жағдайда көмірді пайдаланады.

Дегенмен көпшілік жағдайда жылыжай иелерімен қоршаған ортаға эмиссия рұқсаттары алынбай, жылыжайларға жақын маңда орналасқан тұрғындарға қолайсыздық туғызуы мүмкін.

Кездесу барысында жылыжай иелеріне қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат алу тәртібі, олар бойынша қарастырылған  жауапкершіліктер түсіндірілді.

Кәсіпкерлердің барлық уәждері мен мәселелері тыңдалып, туындаған мәселелерді шешу бойынша жергілікті атқарушы орган басшыларына ауыл округтерінде жиналыстар ұйымдастырып, кәсіпкерлердің құқықтарын түсіндіру бағытында кешенді шаралар қолдану туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, көршілес мемлекеттермен нарықтық бәсекеге қабілеттілік тәуекелі талқыланып, отандық тауар өндірушілерді қолдау және жылыжайларда өндірілетін өнімдердің экспорттық потенциалын арттыру мақсатында жылыжай кешенінде пайдаланылатын электр қуаты, көмір және газға  кететін шығындарды субсидиялау тетігін қарастыру үшін облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына тиісті ұсыныстар берілді.