ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ ЖАЙЛЫ БАЯНДАДЫ

Түркістан қаласын дамыту мақсатында мемлекеттік биылғы жылғы бюджеттен 161 нысанның құрылысына 124,2 млрд.теңге бағытталды. Соның аясында, құрылыс алаңына айналған көне шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткен көшпелі баспасөз-мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

«Бұл ең алдымен халқымыздың тұрмыс-жағдайын одан әрі жақсартып, облыстың экономикалық қуатын арттырары сөзсіз. Біздің мақсат – Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген әртараптандырылған және технологиялық дамыған экономиканы құру»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге 53 шақырым инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Ал, рухани-мәдени орталығында 10 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 6 нысан пайдалануға берілген. Күллі түркі әлемінің алтын бесігі — Түркістан қаласында сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы (Арбат), Қ.А.Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе көне қонысының тарихи орындарын қалпына келтіру, Республикамыздағы алғаш «Халықаралық туризм және меймандостық университеті», желілік саябақ, дендросаябақ және жеке салымшылар тарапынан «Керуен — Сарай» кешені, 3 халықаралық стандартқа сай қонақ үй, мешіт сынды ірі жобалардың құрылыстары қарқынды жүргізілуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі