«ШАҢЫРАҚ» ИНСТИТУТЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

Шымкент қаласындағы «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығында денсаулық сақтау басқармасының және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері көпбалалы, мұқтаж отбасылармен кездесіп, олардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
Орталыққа хабарласқан 17 азаматтың мәселелері дөңгелек үстел форматындағы жиында талқыланып, шешу жолдары қарастырылды. Құзырлы мекеме өкілдеріне қойылған сауалдардың көпшілігі – мүгедектік рәсімдеудің қиындығы жөнінде. Түрлі қиындықтары бар азаматтар рет-ретімен өз мәселесін баяндап, жеке кеңес алды. Сондай-ақ, ЭКО-ға квота алу мәселесімен келген ерлі-зайыптыларға да жан-жақты ақпарат берілді.
Осы кездесуге келген тұрғындардың мәселесі Орталық мамандарының бақылауында болады.
Наурыз айынан бастап қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Самғау сенім» орталығының жанынан «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы секторы құрылған болатын. Қазіргі таңда әлеуметтік нысан халыққа өз қызметін жаңа үлгіде ұсынуда.
Орталықтың басты мақсаты – аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көпбалалы аналарға кәсіпкерлік жөнінде бағыт-бағдар беру, қаржылық сауаттылығын арттыру, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі