ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАДЫ
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің
мәдени астанасы» жылының
салтанатты жабылу рәсіміне
қатысушыларды құттықтауы
Ардақты ағайын!
Құрметті шымкенттіктер!
Биыл шырайлы Шымкент шаһары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің мәдени астанасы ретінде баршаға танылды.
Бұл – қала тұрғындары және бүкіл Қазақстан халқы үшін зор жетістік.
Осы игі бастама төл мәдениетіміз бен өнерімізді танытып, қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға мол мүмкіндік берді. Сондай-ақ, рухани құндылықтары сабақтас халықтар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жол ашты.
Шымкент жұртшылығы мен өнерпаздары осындай мәртебелі міндетті абыроймен атқарып шықты.
Карантин талаптарына сәйкес белгіленген жоспардағы онлайн форматындағы шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгін «Мәдени астана» мәртебесін Тәжікстанның Душанбе қаласына табыстағалы отырмыз.
Елдеріміз арасындағы мәдениет керуені толастамасын! Достығымыз бен сыйластығымыз арта берсін!
Баршаңызға амандық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!