ШЫМКЕНТ ОНКОЛОГТАРЫ РАКҚА ШАЛДЫҚҚАНДАРҒА ЛАПАРОСКОПИЯ ӘДІСІМЕН ОТА ЖАСАУДА
Шымкенттің онколог дәрігерлері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға пышақсыз ота жасауды бастады. Бұл үшін орталыққа жаңа лапароскопия аппараты орнатылды.
Жаңа аппараттың көмегімен мамандар сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастың аналық безін хирургиялық жолмен алып тастады.
Операциядан бұрын науқас бірнеше рет химиотерапия курсын қабылдаған. Алайда, науқастың бауырының оң жақ бөлігіне және омыртқа сүйектеріне метастаз көп тарап өміріне қауіп төнгендіктен, аналық безін алып тастау отасын жасау қажеттігі туды.
Қалалық онкологиялық орталықтың мамандары 42 жастағы науқасқа лапароскопия аппаратының көмегімен ота жасады. Дәрігерлердің айтуынша, операция сәтті шығып, тұрғынның денсаулығы жақсарып келеді.
Ақ халаттылардың айтуынша, лапароскопиялық аппаратпен ота жасау науқастар үшін әлдеқайда тиімдірек екен. Себебі отадан кейінгі ауырсыну синдромы айтарлықтай аз, косметикалық әсері айқын, тыртық қалмайды әрі науқастың стационарда жату мерзімі азайып, пациенттің еңбекке қабілеттілігі қысқа мерзім ішінде қалпына келеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі