МАРАПАТ ИЕЛЕРІ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ТОЛҒАДЫ
Шымкент қаласының әкімдігінде Тәуелсіздк күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шарада 46 шымкенттік мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың қатарында қарапайым тігіншіден бастап жазушы ардагерлер де бар.
Мерекелік шарада марапат иелері тәуелсіздік жылдары жөнінде сөз қозғады.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, елімізге белгілі ақын, жазушы Ханбибі Есенқарақызы:
— Біздер 90 жылдардың басындағы экономикалық тоқырау жылдарын көрдік. Сол сәтте ауыл-аймақтағы 7-8 баласы бар аналарымыз ешқашан мемлекетке қол жайған емес. Қазіргі таңда көп балалы қыздарымыздың көшеге шығып, наразылық танытқандары жаныма батады. Еңбектенейік, жалықпайық. Қалада жұмыс жасаймын деушіге барлық жағдай жасалған, — деді.
Сонымен қатар, Еңбек ардагері, телерадио комитетінің орнығуына үлес қосқан ардагер журналист Байдулла Қонысбек тәуелсіздік жылдарындағы Шымкент қаласы туралы айтты.
«Шымкентте тұрып жатқаныма 65 жыл болды. Тәуелсіздікпен бірге қаламыз да гүлденіп келеді. Мына қаланың өркендеп, әдемі болғанын көріп отырып өмір сүруге деген ынтам арта береді», — деп сөзін қорытындылады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі